Қазақстанда зейнетақы мен жәрдемақы мөлшері артты

0 10

Қазақстанда 2026 жылғы 1 қаңтардан бастап зейнетақы төлемдері мен мемлекеттік жәрдемақылардың мөлшері ұлғаяды. Бұл өзгерістер Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес жүзеге асырылып отыр.

Базалық зейнетақы кезең-кезеңімен өседі

Президент тапсырмасына сәйкес, 2023 жылдан бастап бес жыл ішінде базалық зейнетақының ең төменгі мөлшерін ең төменгі күнкөріс деңгейінің 70%-ына, ал ең жоғары мөлшерін 120%-ына дейін жеткізу көзделген.

Осыған байланысты:

  • 2026 жылғы 1 қаңтардан бастап базалық зейнетақының ең төменгі мөлшері 35 596 теңгені (күнкөріс деңгейінің 70%-ы),

  • ең жоғары мөлшері 60 005 теңгені (күнкөріс деңгейінің 118%-ы) құрайды.

Зейнетақының нақты өсуіне мысал

Мәселен, 2019 жылы зейнеткерлікке шыққан, бүгінде 70 жастағы азаматтың бюджеттен төленетін зейнетақысы:

  • 2025 жылы – 171 588 теңге (оның ішінде базалық зейнетақы – 50 851 теңге, ынтымақты зейнетақы – 120 737 теңге),

  • 2026 жылғы 1 қаңтардан бастап – 192 816 теңгеге дейін артады.

Соның ішінде:

  • базалық зейнетақы – 60 005 теңге,

  • ынтымақты зейнетақы – 132 811 теңге.

Аталған сомаларға БЖЗҚ-дан төленетін зейнетақы жинақтары кірмейді.

Мемлекеттік жәрдемақылар да көбейеді

2026 жылдан бастап бірқатар әлеуметтік жәрдемақылардың мөлшері ұлғаяды. Атап айтқанда:

  • 1, 2 немесе 3 бала туғаны үшін берілетін жәрдемақы 149 416 теңгеден 164 350 теңгеге дейін,

  • 4 және одан көп бала туғаны үшін 247 716 теңгеден 272 475 теңгеге дейін өседі;

  • көпбалалы отбасыларға берілетін жәрдемақы 4 баласы бар отбасылар үшін 63 030 теңгеден 69 330 теңгеге,
    10 баласы бар отбасылар үшін 157 280 теңгеден 173 000 теңгеге дейін ұлғаяды;

  • I топтағы мүгедектігі бар адамдарға – 101 702 теңгеден 111 872 теңгеге,
    II топтағыларға – 81 362 теңгеден 89 498 теңгеге,
    III топтағыларға – 55 474 теңгеден 61 021 теңгеге дейін өседі.

Әлеуметтік сақтандыру төлемдері 10%-ға артты

Сонымен қатар, Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорынан (МӘСҚ) төленетін:

  • асыраушысынан айырылу,

  • еңбек ету қабілетінен айырылу бойынша төлемдер 10%-ға ұлғайтылды.

Бұл төлемдер міндетті әлеуметтік сақтандыру жүйесіне қатысушыларға мемлекеттік жәрдемақыларға қосымша ретінде жүзеге асырылады. Төлем мөлшері жеке есептеліп, соңғы екі жылдағы табысқа, әлеуметтік аударымдарға, еңбек ету қабілетінен айырылу коэффициентіне және асырауындағы адамдар санына байланысты айқындалады.

Бұған дейін зейнетақы мен жәрдемақылардың өсуіне қатысты түсіндірмені Халықты әлеуметтік қорғау саласындағы реттеу және бақылау комитетінің департамент басшысы Дәмежан Сәдуақасова берген болатын. Ал ынтымақты зейнетақылардың барлық түрі инфляцияның болжамды деңгейіне сәйкес 10%-ға индекстелгенін Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі хабарлады.

Leave A Reply

Your email address will not be published.