Қазақстанда жүргізушілер үшін қайта емтихан енгізілуі мүмкін
Жол апаттарын азайту үшін жүргізушілерге қосымша тексеру ұсынылды
2024 жылы Қазақстанда 31 мыңнан астам жол-көлік оқиғасы тіркелді. Бұл көрсеткіш жол қауіпсіздігі мәселесінің өзектілігін тағы бір мәрте дәлелдейді. Осыған байланысты Сенат депутаты Марат Қожаев жүргізушілердің дайындығын жақсарту мақсатында жаңа шараларды ұсынды. Оның пікірінше, жол апаттарының негізгі себептерінің бірі – жүргізушілердің жол қозғалысы ережелерін жеткілікті деңгейде меңгермеуі мен тәжірибесінің аздығы.
Сенатор өз ұсыныстарын Премьер-министр Олжас Бектеновке жолдаған депутаттық сауалында атап өтті. Оның бастамалары мыналарды қамтиды:
- Авто мектептердің жұмысын мемлекеттік деңгейде қатаң бақылау;
- Жаңа жүргізушілер үшін сынақ мерзімін енгізіп, емтихан жүйесін қайта қарау;
- Жүргізуші куәлігін алғаннан кейін 6 ай өткен соң біліктілікті арттыру курстарын міндетті ету;
- Жүргізушілердің жол қозғалысы ережелерін білуі мен көлік жүргізу дағдыларын әр 10 жыл сайын қайта тексеріп отыру;
- Жүргізуші куәліктерін беру процесін Ішкі істер министрлігінің құзырына өткізу;
- Барлық ірі қалалар мен аудан орталықтарында арнайы халыққа қызмет көрсету орталықтары (ХҚКО) мен автодромдар ашу.
Сонымен қатар, сенатор жол инфрақұрылымын жетілдіру қажеттігін айтты. Оның ішінде:
- Көпдеңгейлі жаяу жүргіншілер өткелдерін салу;
- Жолдарды жарықтандыру сапасын жақсарту;
- Жаяу жүргіншілерге арналған тротуарларды көбейту;
- Ірі қалалардың айналма жолдарын салуды жеделдету.
Бұл бастамалар Қазақстандағы жол қозғалысының қауіпсіздігін арттыруға бағытталған. Егер олар қабылданса, жүргізушілердің жауапкершілігі артып, жол-көлік оқиғаларының саны едәуір қысқаруы мүмкін.