ҚР СІМ Ирандағы қазақстандықтар туралы айтты
Ирандағы шабуылдан зардап шеккендер арасында Қазақстан азаматтары жоқ. Бұл туралы Сыртқы істер министрлігі мәлімдеді,
Ведомствоның мәліметінше, қазір Иран аумағында 96 қазақстандық жүр.
«Олардың 18-і — дипломатиялық өкілдіктердің қызметкерлері, 2-еуі — студент, 70 адам «Заркух» зауытында еңбек етеді. Алты қазақстандық Иранда жеке шаруасымен жүр. Қазір Қазақстан азаматтарының арасында зардап шеккендер туралы ақпарат түскен жоқ», — деп хабарлады министрлік.
Сондай-ақ министрлік пен Қазақстанның шетелдегі мекемелері Ирандағы азаматтарымызбен тұрақты байланыста екені нақтыланды.
АҚШ президенті Дональд Трамп сенбіде Америка Құрама Штаттары Иранға қарсы ауқымды әскери операцияға кіріскенін мәлімдеді. Бұған дейін Израиль Иранға қарсы «алдын алу шабуылын» бастаған болатын. Хабарларға қарағанда, Иран астанасында кемінде бес жарылыс болған.
Бұған жауап ретінде Иран Израильге және БАӘ, Бахрейн, Қатар мен Кувейттегі америкалық базаларға шабуыл жасады.