Құндыздың қол-аяғы скотчталған фото: қамқоршысы түсініктеме берді
Әлеуметтік желілерде Құндыздың қол-аяғы скотчталған фотосының таралуы қоғамда алаңдаушылық туғызды. Кадрлар көпшіліктің назарын аударып, түрлі сұрақтардың туындауына себеп болды.
Еске салайық, бұған дейін Түркістан облысы Отырар ауданы Ескі Шілік ауылында апалы-сіңлілі қыздардың туған ағасы мен жеңгесінің қолында мал баққаны туралы жағдай қоғамда үлкен резонанс тудырған еді. Кейін қыздар Тараз қаласының тұрғыны Зульфия Төленованың қамқорлығына берілген. Сол кезде редакция қамқоршымен арнайы сұхбат жүргізген болатын.
Бұл жолы әлеуметтік желіде тараған фотоға байланысты жағдайдың мән-жайын нақтылау үшін Sert-inform.kz редакциясы Құндыздың заңды қамқоршысы Зульфия Төленовамен тілдесті.
Қамқоршы өзіне қатысты айтылып жатқан күдікке байланысты төмендегідей түсініктеме берді:
«Құрметті халқым, желіде тарап кеткен фотоларды көріп, өзім де қатты таңғалып отырмын. Мен сіздердің алдарыңызда ақталайын деп отырған жоқпын. Бірақ бұл фотоны кім түсіріп, кім таратқанын білмеймін. Бұл жағдайда мен болған жоқпын. Егер мен байлаған болсам, өз-өзіме қастық жасамас едім ғой. Құндыз кейде Назгүлді ұрып жібереді. Бұл үйдегі балалардың бәрі – ақыл-есі дамуында ерекшелігі бар балалар. Балалардың құжаттары мен қажетті заттарын алу үшін жиі сыртқа шығуға тура келеді. Мен кеткенде бәрі тыныш отырған. Бұл әрекет менің беделіме нұқсан келтіру немесе аяғымнан шалу болуы мүмкін деп ойлаймын. Қаншама жыл бойы асырап, өсірген балаларым бар. Мұндай жағдайдың болуы мүмкін емес», – деді Зульфия Төленова.
Қазіргі таңда жағдайдың мән-жайы анықталып жатыр. Редакция тек расталған ақпаратты жариялау қағидатын ұстанады. Қосымша мәліметтер белгілі болған жағдайда, оқырманға хабарланатын болады.