Таразда пәтерінде 20-ға жуық мысық ұстаған әйелге айыппұл салынуы мүмкін
Тараз қаласында көпқабатты үйдегі пәтерінде 20-ға жуық мысық асырап отырған әйелге қатысты тұрғындар шағымдануда. Көршілердің айтуынша, жануарлардың шамадан тыс көбеюі антисанитариялық жағдай туғызып, жағымсыз иіс пен зиянкестердің пайда болуына себеп болған.
Бұл туралы КТК телеарнасы хабарлады.
Көршілер не дейді?
Тұрғын Нина Ерктің сөзінше, алғашында мысық саны аз болған. Алайда уақыт өте келе олардың саны көбейіп, көршілерге қолайсыздық тудыра бастаған.
«Қазір үйде тарақан қаптады. Сасық иіс шығады. Бірнеше рет құзырлы органдарға жүгіндік. Бірақ шара айыппұлмен ғана шектеліп отыр», – дейді ол.
Сондай-ақ көршілер әйелдің өлген жануарларды үй маңына көметінін айтады. Бұл мәселе ветеринариялық қызмет үшін де қиындық туғызған.
Әкімдік не дейді?
Тараз қаласы әкімдігі ветеринария бөлімі жануарларды қорғау инспекторы Елена Тихонованың айтуынша, мәселе бірнеше жылдан бері көтеріліп келеді. Жұмыс топтары құрылып, заңбұзушылықтар анықталғанымен, мысық саны азаймай отыр.
Қазіргі таңда әйелге жануарларды уақтылы вакцинацияламағаны үшін ғана айыппұл салынған. Ал пәтерде ұсталатын жануар санына қатысты нақты шектеу заңда көрсетілмеген.
Әулиеата ауданы әкімдігі әкімінің орынбасары Медет Нұрмаханов та қолданыстағы заңнамада көпқабатты үйде ұстайтын жануар саны нақты реттелмегенін атап өтті.
Иесінің ұстанымы қандай?
Мысықтарды көшеден жинап, өз үйінде асырап отырған әйел жануарлардың тағдыры тек заң аясында шешілуі тиіс екенін айтады. Ол жануарларды кастрациялауға да келіспеген.
Қазіргі уақытта бұл мәселе бойынша қайта жұмыс тобы құрылып, тексеру жүргізілуде. Ал облыстық мәслихатта үй жануарларын ұстау нормалары әзірге бекітілмеген.
Тұрғындар егер нақты ереже қабылданбаса, мұндай жағдайлар қайталана беруі мүмкін екенін айтып, заңнамалық реттеу қажеттігін көтеруде.