Тараздың кәріз суы Аса өзенін улап жатыр ма? 47 миллиард теңгелік жоба мәселені шешпек
Тараздың кәріз суы Аса өзенін улап жатыр ма? 47 миллиард теңгелік жоба мәселені шешпек
Бүгінде Тараз қаласындағы кәріз сулары көршілес Жамбыл ауданы аумағындағы сүзгі алаңдарына ағызылып келеді. Аумағы 217 гектарды қамтитын бұл алаңдар жылдар бойы шамадан тыс толып, экологиялық қауіптің негізгі ошағына айналған.
Сүзгі алаңдарының қазіргі жағдайы Аса өзеніне және жер асты суларына тікелей қауіп төндіріп отыр. Егер мәселе дер кезінде шешілмесе, өңірдің экожүйесіне орны толмас залал келуі мүмкін.
Осы жағдайды ескеріп, Тараз қаласының кәріз суларын тазарту кешенінің құрылысын салу бойынша Жол картасы әзірленді.
Жоба Еуропалық Қайта Құру және Даму Банкімен бірлесіп іске асырылады. Банк тарапынан грант бөлініп, техника-экономикалық негіздеме дайындалған және мемлекеттік сараптаманың оң қорытындысы алынған.
Алдағы уақытта бұл жобаның құны 47 миллиард теңгені құрайды деп жоспарланып отыр. Тазарту кешенінің қуаттылығы тәулігіне 80 мың текше метр кәріз суын өңдеуге мүмкіндік береді.
Жобаны қаржыландыру «Бәйтерек» ұлттық басқарушы холдингі» АҚ және оның еншілес ұйымдары арқылы жүзеге аспақ. Бұл ретте мемлекеттік бағалы қағаздар мен ұлттық даму құралдарын шығару тетіктері қолданылатын болады.
Мамандардың пікірінше, жаңа кәріз суларын тазарту кешені іске қосылған жағдайда, Тараз қаласы мен Жамбыл ауданы аумағындағы экологиялық жағдай айтарлықтай жақсарып, өзендер мен жер асты суларының ластану қаупі жойылады.
Экологиялық тұрғыдан қауіпті аймаққа айналған сүзгі алаңдарының мәселесін шешу – өңір үшін стратегиялық маңызы бар қадам. Себебі бұл жоба тек табиғатты қорғау шарасы емес, тұрғындардың денсаулығы мен өмір сапасын жақсартуға бағытталған маңызды бастама болып табылады.
Дереккөз Тараз қаласы әкімдігінің ресми сайтынан алынды.