Трамп: АҚШ Иранға қарсы әскери операцияға кірісті
АҚШ президенті Дональд Трамп сенбіде Америка Құрама Штаттары Иранға қарсы ауқымды әскери операцияға кіріскенін мәлімдеді. Бұл туралы ол Truth Social әлеуметтік желісінде жарияланған видеода айтты,
Ақ үй басшысының айтуынша, операция Иранның ядролық және зымыран бағдарламаларына қарсы бағытталған. Трамп Тегеран ешқашан ядролық қаруға ие болмайтынын айтты.
«Біраз уақыт бұрын АҚШ қарулы күштері Иранда ірі әскери әрекетті бастады. Біздің мақсатымыз — Иран режимінен төнген тікелей қауіпті жою арқылы Америка халықын қорғау. Бұл режимнің қоқан-лоқыға толы әрекеттері АҚШ-қа, біздің әскерилерге, шетелдегі базаларымызға және әлемдегі одақтастарымызға тікелей қауіп төндіреді», — деді Трамп.
«Біз Иранның ядролық қаруға қол жеткізбеуін қамтамасыз етеміз. Оларда ешқашан ядролық қару болмайды. Бұл режим жақын арада АҚШ-тың күші мен қуатына ешкім қарсы тұра алмайтынын түсінеді», — деді АҚШ президенті.
Трамптың айтуынша, Вашингтон 2025 жылғы Иранға жасалған соққылардан кейін бұл елге ядролық бағдарламаны қайта жандандырмауды ескерткен, бірақ Тегеран барлық ұсынысты қабылдамаған.
«Осы шабуылдан кейін біз оларға ядролық қару жасауға бағытталған арам пиғылды әрекеттерін енді ешқашан жаңғыртпау керегін ескерттік және бірнеше рет келісімге келуге тырыстық… Бірақ олар бұған көнгісі келмеді. Не болып жатқанын түсінбеді…», — деді Трамп видеоүндеуінде.
Reuters агенттігінің мәліметінше, АҚШ Иран нысандарына әуеден және теңізден соққы жасап жатыр.
Бұған дейін сенбіде Израиль Иранға қарсы «алдын алу шабуылын» бастаған болатын. Хабарларға қарағанда, Иран астанасында кемінде бес жарылыс болған.