Трамп құрған «Бейбітшілік кеңесі» Қазақстанға не береді?
АҚШ президенті Дональд Трамп Давоста өтіп жатқан Бүкіләлемдік экономикалық форумда «Бейбітшілік кеңесінің» құрылтай құжатына қол қойды. Әзірге Трамптың бұл бастамасына 35 мемлекет қосылуға келісім білдірген. Бастапқыда бұл орган Газа секторында бейбітшіліктің сақталуын бақылау үшін ойластырылғанымен, кейіннен Біріккен Ұлттар Ұйымына бәсекелес құрылымға айналуы мүмкін деген пікір айтылуда.
«Бейбітшілік кеңесі» деген не және немен айналысады?
16 қаңтарда АҚШ президенті Дональд Трамп «Бейбітшілік кеңесінің» құрылғанын мәлімдеді. 2025 жылдың қарашасында БҰҰ бұл кеңесті құру жоспарын құптаған кезде ол халықаралық құқықтық субъектілігі бар өтпелі әкімшілік орган болып, «Кешенді жоспарға және халықаралық құқықтың тиісті қағидаттарына сәйкес Газаны қалпына келтіруді қаржыландыруды үйлестіруге тиіс» деп қарастырылған. Алайда бастапқы ниетке қарамастан, Трамптың жобасы БҰҰ-ға бәсеке тудыруы ықтимал халықаралық ұйым ретінде қалыптасып отыр.
Сол күні Трамп өзінің Truth Social әлеуметтік желісінде:
Мен бұл ұйымды осы кезге дейін болмаған ең ұлы әрі ең беделді кеңес деп сеніммен айта аламын, – деп жазды.
Дәл сол уақытта Ақ үй әлем көшбасшыларына шақыру хаттарын жолдаған.
The Times of Israel таратқан мәлімет бойынша, шақырумен бірге таратылған хартия мәтініне сүйенсек, «Бейбітшілік кеңесі» – «қақтығыстардан зардап шеккен немесе қауіп төнген аймақтарда тұрақтылықты нығайтуға, сенімді әрі заңды басқаруды қалпына келтіруге және ұзақ мерзімді бейбітшілікті қамтамасыз етуге бағытталған халықаралық ұйым».
Financial Times атап өткендей, құжатта Газа тікелей аталмайды. Алайда «бейбітшілікті нығайту үшін неғұрлым икемді әрі тиімді халықаралық орган құру қажеттігі» айқын көрсетілген. Журналистер мен сарапшылар мұны Трамп бұрын бірнеше рет әрекетсіздігі үшін сынаған БҰҰ Қауіпсіздік кеңесіне балама құруға ишара деп бағалаған.
Кейінірек Axios аты-жөні аталмаған жоғары лауазымды америкалық шенеунікке сілтеме жасап, АҚШ президентінің ауқымды халықаралық ұйым құруға ниетті екенін растады.
Бейбітшілік кеңесі Газамен шектелмейді. Бұл – бүкіл әлемге арналған Бейбітшілік кеңесі. Президент алдымен біздің жартышарға басымдық береді, бірақ өзге өңірлерді де назардан тыс қалдырмайды. Мен оны жаһандық үстемдікке ұмтылып отыр деп айта алмас едім. Ол Американы бірінші орынға қояды. Ал Америка әлі де әлемдік көшбасшы болып қала береді, — делінген мәтінде.
Хартия мәтініне сәйкес, «Бейбітшілік кеңесінің» негізгі ережелері төмендегідей:
- Кеңеске тек ұйым төрағасы, яғни Трамп шақырған мемлекет қана мүше бола алады.
- Әрбір ел кеңесте мемлекет басшысы деңгейінде ұсынылуы тиіс. Төрағамен келісілген жағдайда өкіл ретінде өзге жоғары лауазымды тұлға тағайындалуы мүмкін.
- Кеңестің мүше мемлекеттердің аумағында өкілеттігі жоқ және олардың келісімінсіз қандай да бір бітімгерлік операцияға қатысуға мәжбүрлей алмайды.
- Әр мемлекет кеңес құрамына үш жыл мерзімге қабылданады. Мүшелікті ұзарту мәселесі төрағаның шешіміне байланысты. Алайда алғашқы жылы 1 млрд доллар көлемінде жарна төлеген елдерге бұл үш жылдық шектеу қолданылмайды.
- Әр елдің бір ғана дауысқа құқығы бар. Шешімдер көпшілік дауыспен қабылданады, бірақ олардың әрқайсысы кеңес төрағасының мақұлдауын талап етеді.
- Дауыс беру жылына кемінде бір рет өткізіледі. Бұдан бөлек, төраға қажет деп тапқан мерзімде және жерде қосымша кездесулер ұйымдастырылуы мүмкін.
- Дауыс берусіз кездесулер тоқсан сайын кемінде бір рет өткізіліп, онда мүшелер кеңес жұмысына қатысты өз ұсыныстарын білдіре алады.
- Кеңес мүшелерінің, басқа мемлекеттердің, ұйымдардың немесе өзге де көздердің ерікті жарналары есебінен қаржыландырылады.
- Хартия үш мемлекет шақыруды ресми түрде қабылдағаннан кейін күшіне енеді.
«Бейбітшілік кеңесі» БҰҰ-мен ынтымақтаса жұмыс істейді
Форумда сөйлеген кіріспе сөзінде Дональд Трамп жаңадан құрылған ұйымның БҰҰ-мен бірлесіп әрекет ететінін мәлімдеді. Сондай-ақ ол өзінің бастамасы Таяу Шығыста және әлемнің өзге өңірлерінде сыртқы саясатқа қатысты бірқатар маңызды мәселелермен айналысатынын атап өтті.
Негізгі бағыттардың бірі – Газа секторында қақтығысты реттеуге бағытталған күш-жігер болады деп отыр. Сонымен бірге америкалық көшбасшы «Бейбітшілік кеңесі» жаһандық проблемаларды шешуде БҰҰ-ның орнын басуды көздемейтінін баса айтты.
Трамп ондаған әлем көшбасшыларын «Бейбітшілік кеңесіне» қосылуға шақырды.
Бұл кеңес бұрын-соңды құрылған ең маңызды органдардың біріне айналуға толық мүмкіндігі бар, – деді өзі құрған ұйымға төрағалық ететін Трамп.
«Бейбітшілік кеңесіне» кімдер кіреді?
16 қаңтарда Ақ үй «Бейбітшілік кеңесінің» атқарушы кеңес мүшелерінің тізімін жариялады. Оның құрамына мыналар енді:
- Дональд Трамп – кеңес төрағасы;
- АҚШ мемлекеттік хатшысы Марко Рубио;
- АҚШ президентінің Таяу Шығыс жөніндегі арнайы өкілі Стив Уиткофф;
- Трамптың күйеу баласы Джаред Кушнер;
- Ұлыбританияның бұрынғы премьер-министрі Тони Блэр;
- америкалық кәсіпкер Марк Роуэн (Forbes оның дәулетін 8,2 млрд доллар деп бағалайды);
- Дүниежүзілік банк басшысы Аджай Банга;
- АҚШ ұлттық қауіпсіздік жөніндегі кеңесшісінің орынбасары Роберт Гэбриэл.
- Хартияға сәйкес, атқарушы кеңес мүшелері екі жыл мерзімге сайланады.
- Сонымен қатар аға кеңесшілер ретінде:
- АҚШ Федералдық сатып алу қызметінің комиссары Джош Грюнбаум;
- АҚШ-тың Израильдегі елшісінің бұрынғы аға кеңесшісі Арье Лайтстоун көрсетілген.
Ал Газа бойынша жоғарғы өкіл болып болгариялық дипломат Николай Младенов тағайындалды. Ақ үйдің мәліметінше, кеңестің жаңа мүшелері «алдағы бірнеше апта ішінде» жарияланады.
«Бейбітшілік кеңесіне» тағы кімдер шақырылды?
«Бейбітшілік кеңесіне» Владимир Путин де шақырту алды. Оның баспасөз хатшысы Дмитрий Песков президент әкімшілігі бұл ұсыныстың барлық егжей-тегжейін зерделеп жатқанын және «америкалық тараппен байланыс орнатып, барлық мән-жайды нақтылауға үміттенетінін» айтты.
Financial Times дерегінше, АҚШ президенті Путинді кеңеске шақыру арқылы Ресей басшысымен диалогты сақтап қалуды көздеген.
Шақырылған елдердің нақты тізімі жарияланған жоқ. Дегенмен Axios мәліметінше, шақыру 58 елдің көшбасшыларына жіберілген. Қазіргі таңда АҚШ-тың ұсынысын кемінде 17 мемлекет пен аумақ қабылдаған. Олар:
- Әзербайжан
- Албания
- Аргентина
- Армения
- Бахрейн
- Беларусь
- Венгрия
- Вьетнам
- Мысыр
- Израиль
- Қазақстан
- Косово (Сербия оны өз аумағы деп санайды; Косовоның тәуелсіздігін ЕО-ның көп бөлігі мойындағанымен, Ресей, Қытай және өзге бірқатар елдер мойындамаған)
- Марокко
- Біріккен Араб Әмірліктері
- Пәкістан
- Парагвай
- Өзбекстан
Ал ұсынысты ресми түрде қабылдамағандар қатарында Франция, Швеция және Норвегия бар.
Bloomberg дерегінше, Ұлыбритания, Нидерланд, Германия және Канада да мүшеліктен бас тартуы мүмкін.
Алайда CTV News дереккөздері Канада премьер-министрі «қағидат жүзінде» кеңеске қосылуға келіскенін хабарлаған.
Bloomberg дереккөзіне сүйенсек, Франция президенті Эмманюэль Макрон ұйымның мақсаты Газа шеңберінен шығып кетеді деп есептейді және бұл БҰҰ қағидаттары мен институционалдық негіздеріне қатысты елеулі алаңдаушылық тудырады. Франция басшысы шақыруды қабылдауға құлық танытпағаны туралы ақпараттардан кейін Трамп француз шарабы мен шампанына 200 пайыздық баж салығын енгіземін деп қоқан-лоқы жасаған.
Bloomberg сондай-ақ «Бейбітшілік кеңесіне» шақырылған елдердің тізімін жариялады. Агенттік дереккөздері мен әлеуметтік желілердегі хабарламаларға сүйенген бұл тізімге Еурокомиссия өкілдері мен 50 елдің басшылары кіреді.
Атап айтқанда, шақыру алғандар:
Австралия, Австрия, Албания, Аргентина, Армения, Бахрейн, Беларусь, Бразилия, Ұлыбритания, Венгрия, Вьетнам, Германия, Грекия, Мысыр, Израиль, Үндістан, Индонезия, Иордания, Ирландия, Испания, Италия, Қазақстан, Канада, Катар, Кипр, Қытай, Марокко, Нидерланды, Жаңа Зеландия, Норвегия, БАӘ, Оман, Пәкістан, Парагвай, Польша, Португалия, Румыния, Сауд Арабиясы, Сингапур, Словения, Таиланд, Түркия, Өзбекстан, Украина, Финляндия, Франция, Швейцария, Швеция, Оңтүстік Корея және Жапония.
Кеңес Қазақстанға не береді?
Саясаттанушы Жанат Момынқұлов Трамп ұсынған Газа бойынша «Бейбітшілік кеңесінің» Қазақстан үшін маңызы туралы пікір білдірді. Айтуынша, кеңес – ресми халықаралық ұйым емес, дипломатиялық механизм.
Трамптың Газа бойынша «Бейбітшілік кеңесі» – ресми халықаралық ұйым емес, бірақ жедел, жоғары деңгейдегі дипломатиялық механизм ретінде ұсынылған. Кеңес Трамптың прагматикалық, реалистік саясатының көрінісі: көпжақты институттарға қарағанда жылдам келісімдер мен күшке негізделген келіссөздерге басымдық береді. Мұнда ықпалды мемлекеттер мен аймақтық акторлар қатысып, Газа қақтығысы мен аймақтық дауларды шешуге және экономикалық-саяси бастамаларды үйлестіруге мүмкіндік алады, — дейді саясаттанушы.
Сондай-ақ ол кеңес Қазақстанға бірқатар мүмкіндіктер ұсынатынын алға тартты.
Қазақстан үшін бұл дипломатиялық мүмкіндіктер ашады: елді бейтарап делдал ретінде көрсету, жоғары деңгейлі келіссөздерге қатысу, сондай-ақ аймақтағы тұрақтылық пен прагматикалық имиджін күшейту. Дегенмен, кеңес формалды емес әрі күшке негізделгендіктен, Қазақстан кейде негізгі ойыншылардың мүддесіне бейімделуге мәжбүр болуы мүмкін. Бұл қатысудың саяси және беделдік пайдасы бар, бірақ қауіпсіздік немесе экономикалық тиімділігі нақты анықталмаған, — деді Жанат Момынқұлов.
Қорыта айтқанда, кеңес – Қазақстан үшін орта күш ретінде дипломатиялық ықпалын кеңейту, белсенді рөлін нығайту және прагматикалық шешімдерге қатысуға мүмкіндік беретін құрал, бірақ тек мұқият стратегия және халықаралық ойыншылардың динамикасын дұрыс бағалау арқылы тиімді болады.
Еске сала кетейік, бүгін Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев АҚШ Президенті Дональд Трамптың бастамасымен құрылған Бейбітшілік кеңесінің Жарғысына қол қойды.