Ту авторының есімі Тараз картасына енді

0 37

Тараз қаласындағы көшелердің біріне Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Туының авторы, белгілі суретші Шәкен Ниязбековтің есімі берілді. Бұл туралы КТК телеарнасы хабарлады.

Тарихи тұлғаның есімін көшеге беру мәселесін қоғам белсенділері бірнеше жыл бойы көтеріп келген. Ұзақ талқылаулар мен табанды талаптың нәтижесінде бастама қолдау тауып, тиісті шешім қабылданды.

Осылайша, қала аумағындағы көшелердің бірі ресми түрде Мемлекеттік Ту авторының атымен атала бастады. Айта кетейік, Тәуелсіздік жылдары ұсынылған 1200-ден астам ту нұсқасының ішінен Шәкен Ниязбеков әзірлеген үлгі үздік деп танылып, бүгінде 33 жылдан бері пайдаланылып келеді.

Сонымен қатар, алдағы уақытта Шәкен Ниязбековтің есімі қаладағы мектеп-гимназиялардың біріне беріледі деп жоспарланып отыр. Қазірдің өзінде білім ордасының ең көрнекті әрі құрметті орнына суретшінің бюсті орнатылған.

Мәжіліс депутаты Гүлдара Нұрымованың айтуынша, бұл бастаманың тәрбиелік мәні зор.

Бұл бюстің дәл осы мектепте ашылуының символдық мәні бар. Өйткені мұнда білім алып жатқан жас ұрпақ патриоттық рухта тәрбиеленіп, ел тарихына үлес қосқан жерлесін құрметпен еске алатын болады, — деді депутат.

Leave A Reply

Your email address will not be published.