Түркияда 5,8 магнитудалы жер сілкінісі болды: бір бала қаза тапты, 69 адам жарақат алды
2025 жылғы 3 маусымға қараған түні Түркияның оңтүстігінде, нақтырақ айтқанда Мугла провинциясының жағалауында, жергілікті уақытпен 02:17-де (Қазақстан уақытымен 04:17) 5,8 магнитудалы жер сілкінісі тіркелді. Бұл туралы TRT Haber және Jambylinfo.kz хабарлады.
Зілзаланың зардаптары:
-
1 бала көз жұмды
-
69 адам жарақат алды
-
55 адам ауруханаға жеткізілді
-
14 адам оқиға орнында медициналық көмек алған
-
1 адам ауруханаға жатқызылды
-
46 адам бақылауға алынды, олардың сегізі кейін үйіне жіберілді
Қайтыс болған – 14 жастағы Афранур Гүнлю есімді жасөспірім. Жер сілкінісінен кейін қатты күйзелісте болған қыз ауруханаға жеткізілгенімен, өмірін құтқару мүмкін болмады.
Ғимараттарға және инфрақұрылымға келтірілген залал:
Мугла провинциясының губернаторы Идрис Акбыйык аймақта ауыр қираулар, электр, су немесе газ жүйелерінде үзіліс болмағанын мәлімдеді. Ішкі істер министрі Али Ерликая да елді мекендерде ғимараттардың құлағаны туралы ақпараттың жоқ екенін растады.
Экология және қала құрылысы министрі Мурат Курум және Измир губернаторы Сүлейман Элбан оқиғаға байланысты жақындары мен зардап шеккендерге көңіл айтты.
Қазір барлық төтенше жағдай қызметтері жоғары дайындық режимінде жұмыс істеп жатыр. Түркияның табиғи апаттардың зардаптарын жою жөніндегі агенттігі құтқару және бағалау жұмыстарын жалғастыруда.