Ұлының еміне деп ақша жинаған отбасы 3 пәтер, 5 автокөлік сатып алған

0 36

Қаржы мониторингі агенттігі Тотақановтар отбасына қатысты алаяқтық фактісі бойынша тергеуді аяқтады.

Тергеу амалдарына сай, баланың қатысуымен көрсетілген бейнероликтер, әсерлі жазбалар Instagram және Facebook арқылы жүргізілген таргеттелген жарнама мыңдаған қазақстандықтың жүрегіне әсер еткен.

Азаматтардың сенімі мен жанашырлығын пайдалана отырып, күдіктілер 1,3 млрд теңгеден астам көлемде қаражат жинаған. Алайда, баланың еміне тек 6,4 миллион теңге жұмсалған.

Қалған қаражат ерлі-зайыпты жеке қажеттіліктеріне пайдаланылған.

🏠 Нақты айтқанда, елордада 3 пәтер, жер телімі, 5 автокөлік сатып алынған. Сонымен қатар, қаражаттың бір бөлігі құмар ойындарына жұмсалған.

Қайырымдылық қаржысын тұрақты түрде алып отыру үшін олар келіп түскен қаражаттың үштен бір бөлігін (481 миллион теңгеден астам) әлеуметтік желідегі парақшаларын жарнамалауға бағыттаған. Meta Ads арқылы жүргізілген жарнама аудиторияны едәуір кеңейтіп, қайырымдылық көлемін арттыруға мүмкіндік берген.

Күдіктілер Түркиядағы LIV Hospital клиникасында 84 миллион теңге тұратын ота жасатамыз деген желеуді де пайдаланған. Қажетті сома жиналғанымен, шетелде ота жасалмаған. Керісінше, олар Instagram парақшасында әуежайдағы «ұшып бара жатқан» көріністі бейнелейтін ролик жариялап, операция сәтті өтті деген жалған ақпаратпен жазба салған.

Сотқа дейінгі тергеп-тексеру басталғанын білген соң, олар қылмыстық жолмен алынған активтерді тәркілеуден жасыру мақсатында жер телімін үшінші тұлғаның атына рәсімдеген. Алайда тергеу бұл мәміленің жалған екенін дәлелдеді.

👨‍⚖️ Сот санкциясымен қылмыстық жолмен алынған мүліктердің барлығына тыйым салынды.

Күдіктілерге қатысты бұлтартпау шарасы ретінде үйқамақ түрі таңдалды.

Leave A Reply

Your email address will not be published.