«Зейнетақыңды шешіп беремін»: Instagram-алаяқ Астанада ұсталды
Астанада полиция Instagram арқылы халықты алдаған 30 жастағы күдіктіні ұстады. Ол әлеуметтік желіде жалған хабарландыру таратып, азаматтарға Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорындағы қаражатты «шешіп беремін» деп уәде еткен.
Күдікті жәбірленушілердің сеніміне кіріп, өз Kaspi Gold шотына алдын ала ақша аударуды сұраған. Тергеу барысында оның дәл осы тәсілмен 17 адамды алдағаны анықталды. Қазіргі таңда ол өз қылмысын толық мойындап отыр.
Аталған факті бойынша ҚР ҚК 190-бабы (Алаяқтық) бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде.
Астана қалалық Полиция департаменті азаматтарды қырағылық танытуға, күмәнді ұсыныстарға сенбеуге және ешкімге жеке деректер мен банк карталары туралы мәлімет бермеуге шақырады.