Жамбыл облысында ер адам жанжалдан соң сүйіктісінің көлігін өртеп жіберді
Жамбыл облысында ер адам азаматтық некедегі сүйіктісімен жанжалдасып қалған соң, оның көлігін әдейі өртеген. Бұл туралы облыстық соттың баспасөз қызметі хабарлады.
Сот деректеріне сүйенсек, А. есімді азамат бөтен мүлікті қасақана жою бабы бойынша айыпталған.
Оқиға былай болған: азаматтық некедегі ерлі-зайыптылар BMW 530i маркалы көлікті 4 миллион теңгеге несиеге сатып алған. Алғашқы жарна ретінде 800 мың теңге төленіп, көлік уақытша А.-ның басқаруына берілген. Жәбірленуші И. есімді әйелдің жүргізуші куәлігі болмаған.
2025 жылдың наурыз айының соңында екеуінің арасында жанжал туындап, А. ашуға бой алдырған. Сот материалдарында көрсетілгендей, ол жанармай бекетінен 5 литр бензин сатып алып, көлікті шетке айдап барып, бензинді салонына және қозғалтқыш бөлігіне құйып, от қойған. Нәтижесінде көлік толық жанып кеткен.
Материалдық залал көлемі – 4,4 миллион теңге. А. кінәсін толық мойындап, келтірілген шығынды өтеген.
Сот үкімімен А. кінәлі деп танылып, оған 3 жыл 6 ай мерзімге бостандығын шектеу жазасы тағайындалды.