Жамбыл облысында XII өңірлік Азаматтық форум өтті

0 28
Азаматтық қоғам – бұл тек мемлекет пен халық арасындағы байланыс арнасы ғана емес, сондай-ақ ашықтық пен әділеттілікті қамтамасыз ететін басты күш. Бүгінгі таңда өзекті мәселелерді көтеріп, олардың шешіміне ықпал етуде үкіметтік емес ұйымдардың және азаматтық бастамалардың маңызы күн санап артып келеді.
Осы орайда, Тараз қаласында өткен «Мықты қоғам – Қуатты Қазақстан» атты XII өңірлік азаматтық форумының пленарлық отырысына қатысып, азаматтық сектордың жай-күйі мен болашағына қатысты маңызды пікірлер мен ұсыныстарды тыңдалды.
Форум жұмысына ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі, Қазақстанның Азаматтық Альянсы, мәслихат депутаттары және қоғам белсенділері қатысты. Олар өңірдегі азаматтық қоғамның даму барысын, кездесетін түйткілдер мен оларды шешу жолдарын талқылады.
Форум барысында:
•Әлеуметтік жобаларға бөлінетін қаражаттың көлемі ұлғайып жатқанына қарамастан, ауылдық жерлерге бұл қаржының тек 15%-ы ғана жететіні атап өтілді;
•ҮЕҰ-ға арналған жеке ғимараттардың жоқтығы – өзекті мәселелердің бірі ретінде көтерілді;
•Бұл бағытта нақты ұсыныстар беріліп, тұжырымдама аясындағы жұмыстарды жетілдіру жолдары қарастырылды.
Сонымен қатар, азаматтық қоғамды дамыту тұжырымдамасының екінші кезеңін іске асыру, азаматтық сектор мен мемлекет және бизнес арасындағы тиімді әріптестікті нығайтуға бағытталған ұсыныстар да талқыланды. Мұндай қадамдар халықтың мемлекеттік басқару процесіне белсенді қатысуына жол ашады.
Форум аясында бірқатар азаматтар марапаттар мен арнайы сертификаттарға ие болды.
Аталған іс-шараға Қазақстан Халық партиясы Жамбыл облыстық филиалының төрағасы Бөрібай Идаятұлы да қатысып, партия атынан қолдау білдірді.
Leave A Reply

Your email address will not be published.