Жамбылдағы оқушылар өлімі – жүректі езген қасірет.
Бұл оқиға – тек бір отбасының емес, бүтін қоғамның трагедиясы.
Қай жерден қателік жіберіп алдық?
Неге тасбауыр ұрпақ тәрбиеленіп жатыр?
Жауап – идеологияның әлсіздігінде.
Жастардың бойына мейірім, сыйластық, жауапкершілік дәнін еге алмасақ, ертеңгі күніміз бұлыңғыр.
Ұлттық құндылықтар, отбасылық тәрбие, адамгершілік қағидаттар – бәріміздің басты міндетімізге айналуы тиіс.
Италияндық ойшыл А. Азалидің:
«Біз Италияны жасадық, енді италияндықтарды жасауымыз керек» – деген сөзі бар.
Бұл сөз дәл қазір біздің халқымызға да қатысты деп ойлаймын. Иә, біз Тәуелсіз Қазақстанды құрдық.
Ал азат ойлы, тәуелсіз қоғамды құра алдық па?! – бұл сұрақ әрқайсымыздың алдымызда тұр.
Ұлан-ғайыр атырапты аталарымыз түрмесіз, кодекссіз-ақ қалай басқарды? Ұлтты қалай тәрбиеледі?
Олар – ең алдымен дәстүрге, үлкенге құрметке, сөздің құдіретіне, ар-ұятқа сүйенді. Бізге жетіспей тұрғаны да – осы рухани өзек.
Бұл қасірет белгілі бір мекеменің, жауапты маманның қателігіне сілтеп, қол қусырып отыруға болмайды. Аттандаған жиналыстардан бір түйір пайда жоқ. Том-том қағаз толтырғаннан мәселе шешілмейтіні – ақиқат.
Біздегі идеологияның бүгінгі халі қандай? Негізі, шымшық сойса да, қасап сойсын дейді халық.
Әркім шамасы келетін шоқпарды ғана беліне байлау керек.
Әйтпесе, шоқпарды көтере алмаған белдің ойсыра құлағанын көз көріп отыр. Ертең ойбайлағанша, бүгін абайлағанымыз ләзім!
Ұсынысым:
— Президентіміз ұсынып отырған “Біртұтас тәрбие” бағдарламасы аясында
баланың рухани тәрбиесін мектеп пен ата-ана бірлесе қолға алу;
— Мектептердегі ата-аналарды психологиялық қолдау орталықтары арқылы білікті педагогтармен ата-аналарына бала тәрбиесіне ықпал ету бойынша тәжірибелік тренингтер өткізу;
— Ұлттық идеологияны жаңаша қалыптастырып, жастарға түсінікті тілде жеткізу және “Дос боЛайк” жобасын заманауи форматта жүзеге асыру;
— Мейірім мен жауапкершілікке тәрбиелейтін арнайы әлеуметтік жобаларды іске қосу;
— Қоғамдық кеңестерде «жастар тәрбиесі мен құндылықтар» бағытын басты тақырып ету. Жастардың мәдениетті қоғам өкілі болуын қаласақ тәрбиені түзеу керек. Олсыз қоғамды түзеу мүмкін емес.
Әсел Жапарова — Тараз қалалық мәслихат депутаты,
«Sert-Inform» ақпараттық агенттігінің директоры.