Жасанды интеллектіні қолданбау артта қалу ма? Әлде оны ойсыз қолдану — одан да қауіпті ме?
Жапарова Әсел Әбілханқызы
Тараз қалалық мәслихатының депутаты
Кейбіріміз әлі күнге дейін жасанды интеллектіні уақытша “көпіршік” деп қабылдасақ, енді бірі оның толық дамып, адамзатты алмастыратын күнін күтіп жүр.
Ал шындық әлдеқашан басталып кетті.
Біздің өміріміз енді ешқашан бұрынғыдай болмайтыны ақиқат.
Жасанды интеллект жай ғана технология емес.
Ол — өмір салтын, ойлау тәсілін, бедел ұғымын, тіпті адамның ішкі тірегін өзгертетін күш.
Ең қауіптісі — ЖИ адамның уақытын ғана емес,
сенім арналарын да тартып алып жатыр.
Бұрын адам күмәнданса — ата-анасына баратын. Жолы жабылса — үлкенге жүгінетін. Іші күйзелсе — дінге, руханиятқа, Құдайға бет бұратын.
Ал енді не болып жатыр? Бала ата-анасына емес, экранға қарайды.
Жас адам ұстазға емес, алгоритмге сенеді.
Көпшілік рухани тіректі шынайы өмірден емес, жасанды даналықтың имитациясынан іздей бастады.
Сұрақ енді “ЖИ не істей алады?” дегенде емес.
Сұрақ — адам оның алдында өз болмысын сақтап қала ала ма?
Ертеңгі күні жас ұрпақтың санасында ең үлкен бедел
ата-ана да, мұғалім де, мемлекет те, тіпті рухани институттар да емес, бәріне жауабы бар машина болып кетуі әбден мүмкін.
Міне, нағыз дағдарыс осы жерде.
Өйткені адам баласы әрқашан білімге емес, беделге сүйеніп өмір сүрген.
Біз кімнен ақыл сұраймыз —
сол бізге бағыт береді.
Кімді ақылды санаймыз —
соны ішімізден мойындаймыз.
Кімге сенсек — ақырында соған ұқсай бастаймыз.
Ал егер сол “беделдің” орнын
сезімі жоқ, жаны жоқ, ар-ұяты жоқ, бірақ бәріне жауап бере алатын жүйе басса ше?
Сонда адам не жоғалтады?
Адам ең алдымен ойлауын емес —
тәуелділігін жоғалтады деп ойлайды.
Шын мәнінде, ол еркіндігін жоғалтады.
Өйткені дайын жауапқа үйренген сана біртіндеп ізденуді доғарады.
Ал ізденбейтін адам —
өсуді де тоқтатады. Жасанды интеллекттің ең үлкен қаупі —
оның бәрін білуінде емес.
Қауіп — оның адамға өзін ақылды сезіндіруінде.
Бүгін көп жастардың аузынан:
«Үлкендер ештеңе түсінбейді»
дегенді жиі естимін.
Бірақ бұл — жаңа мәселе емес.
Мыңдаған жыл бұрын да солай болған. Ежелгі Мысырдан бастап, әр дәуірдің үлкендері жастардың астамшылық мінезіне шағымдану болған. Бола береді де.
Айырмашылық біреу ғана:
Бұрын жастың менмендігі өз ақылының шектеуімен тоқтайтын.
Ал бүгін оның қолында өзін “данышпан” етіп көрсететін құрал бар.
Ол енді ойланбай-ақ сөйлей алады. Ізденбей-ақ пікір айта алады. Оқымай-ақ терең көріне алады. Бірақ бұл — білім емес.
Бұл — дайын ойдың жалға алынған беделі.
Міне, сондықтан алдағы ең үлкен дағдарыс — технологиялық емес,
антропологиялық дағдарыс.
Адамның кімге сенетіні,
кімнен бағыт алатыны,
кімге бағынатыны, кімге табынатыны өзгереді.
Сол кезде қоғамдағы ең үлкен шайқас ақпарат үшін емес, жан үшін жүреді.
Болашақта жаңа секталар, жалған ұстаздар, рухани суррогаттар, харизмасы күшті “көсемдер” көбейеді. Олардың бәрі адамның әлсіз жерін өте жақсы біледі:
адамға әрдайым тірек керек.
Егер шынайы тірек әлсіресе,
оның орнын міндетті түрде
жалған тірек басады.
Сондықтан бүгін отбасы әлсіресе — оның орнын экран басады.
Дін әлсіресе — оның орнын псевдоруханият басады.
Мемлекет әлсіресе —
оның орнын цифрлық басқару мифі басады.
Бұл жерде мәселе ЖИ-дің өзінде емес. Мәселе —
адамның іші босап бара жатқанында. Іші бос адамға
кез келген жүйе “құдай” болып көрінуі мүмкін. Сондықтан бізге қазір жай ғана технологияны меңгеру аз. Бізге адамды сақтап қалу керек.
Ол үшін:
•отбасын сақтау керек,
•руханиятты сақтау керек,
•үлкенге құрметті сақтау керек,
•шынайы даналық пен жалған “ақылдың” айырмасын ажырата білу керек.
Жасанды интеллектіні қолданбау артта қалу.
Бірақ оны ойсыз қолдану —
одан да қауіпті. Өйткені адамзаттың ең үлкен жеңілісі машинадан жеңілу емес.
Адамзаттың ең үлкен жеңілісі —
өз жанын өз қолымен тапсыру.