Жолдау: Қазақстанда екінші, тіпті үшінші АЭС салу жоспары талқыланады
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына Жолдауында энергетика саласын жаңғыртуға қатысты маңызды бастамаларды жариялады. Мемлекет басшысы Алматы облысында алғашқы атом электр станциясының құрылысы «Росатоммен» бірлесіп қолға алынғанын айтты. Алайда елдің тұрақты дамуы үшін бұл жеткіліксіз екенін ескертіп, екінші, тіпті үшінші АЭС құрылысын да қазірден бастап жоспарлау қажеттігін атап өтті.
«Қуат көздерін жан-жақты жаңғыртып жатырмыз. Алдағы бес жылда қуаты 6,3 гигаватт болатын «жасыл» энергия нысандарын іске қосу жоспарланған. Бірақ Қазақстанның түпкі мақсаты – тек қуат көздерін түрлендіру емес, ең алдымен энергия жүйесінің тұрақтылығы мен ұзақмерзімді мүдделерін қамтамасыз ету», – деді Президент.
Мемлекет басшысы жақында Қытай Халық Республикасының Төрағасы Си Цзиньпинмен атом энергетикасы саласында стратегиялық әріптестік туралы уағдаластыққа қол жеткізілгенін атап өтті. Оның айтуынша, Қазақстан әлемдік компаниялармен өзара тиімді әріптестік орнатуға дайын.
Сонымен бірге Президент елдегі көмір энергетикасын дамытудың да өзектілігін айтты. «Қазақстанның сапалы көмір қоры мол. Озық технологияларды пайдалану арқылы оны экологияға зиянсыз дамытуға болады. Өзіміздің табиғи артықшылықтарымызды дұрыс пайдалана білуіміз керек», – деді Тоқаев.