Тоқаев пен Макронның ортасындағы қазақ қызы кім?

0 13

Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Францияға сапарынан кешелі бері дүркін-дүркін фото-видеолар тарап жатыр. Мемлекет басшысымен бірге меморган басшыларынан бөлек, Парижге Димаш Құдайберген, Елдос Сметов, Давид Дягтерев, Ақмарал Науатбек сынды мәдениет, спорт өкілдері де барған. Біздің назарымызға Қасым-Жомарт Тоқаев пен Франция президенті Эмманюэль Макронның ортасында фотосуретке түскен Париждегі қандасымыз ілікті.

ЕСІМ САВАШ ЖАЙЛЫ

Суреттегі бойжеткен – Францияның Крей қаласының орынбасар мэрі, қазақ қызы Иешім Мақмұдқызы Саваш. Есім 1993 жылы Парижде дүниеге келген. Оның әке-шешесі Түркияда тұрып, кейін Францияға көшкен.

Есім Саваштың аталары Қытайдың Алтай аймағында өмір сүрген. Өзі ХХ ғасырдың басында қытайға қарсы соғысқан әйгілі Зуқа батырдың жиені.

Есім білімі бойынша мұғалім және экономист. 18 жасынан бастап саясатта. Бұған дейінгі сұхбаттарында Марокконың Дахла қаласында жастардың сапалы өмір сүруі үшін күрескен қозғалысқа атсалысқанын айтқан.

– Мен – тағдыр тәлкегімен атажұртынан аласталған қазақтың ұрпағымын. Аталарым ХХ ғасырдың ортасында Анадолы жеріне қоныстанған. Өзім  Францияда дүниеге келдім, балалық шағым Париж аймағында өтті. Менің 13 жасымда Крейге  көшіп келдік.  Лицейді бітірген соң Технология инстутында жергілікті өзін-өзі басқару мамандығы бойынша бакалавр дәрежесін, кейін Ұлттық жоғары біліктілік және білім беру институтында (Institut National Supérieur du Professorat et de l’Éducation) білім магистрі дәрежесін тамамдадым, – дейді сұхбаттарының бірінде Есім.

Есім 2021 жылы Париж аймағының Крей қаласының орынбасары болып сайланған. Оның алдында мэрдің мәдениет жөніндегі орынбасары болған. “Мен саясатқа жаңа тыныс, серпін бергім келді. Мен өз жобаларымнан жастардың өзін-өзі тани білгенін, қажет дүниелерді білгенін қалаймын” дейді ол.

ТОҚАЕВТЫҢ ФРАНЦИЯҒА САПАРЫ

2024 жылғы 6 қарашаға қараған түні мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Францияға мемлекеттік сапары аяқталды. Сапар кезінде екіжақты 36 құжатқа қол қойылды. Одан бөлек энергетика, машина жасау және өзге де салаларда маңызды уағдаластықтарға қол жеткізілді. Франция президентімен мазмұнды келіссөздер жүргізгенін атап өтіп, сауда-экономикалық ынтымақтастықты дамыту қажеттігіне баса назар аударған.

Былтыр екі елдің сауда айналымы 4,2 миллиард доллар болған. Ал биыл бұл көрсеткішке 9 айда қол жеткізілген. Франция – Қазақстанның алтыншы ірі инвесторы. Француз компаниялары Қазақстанға қомақты инвестиция салып, оның көлемі 19,5 миллиард долларға жуықтаған.

Leave A Reply

Your email address will not be published.