16 мамырда Астанада VIII «Ulttyq ónim» отандық өнімдер көрмесі басталады
EXPO халықаралық көрме орталығында өтетін шара 18 мамырға дейін жалғасады. Қазақстанның барлық аймағынан 350-ге жуық өндіруші өз өнімдерін таныстырады. Қала тұрғындары мен қонақтары Үкімет қолдаған «Даму» қорының бағдарламалары арқылы шығарылған тауарлармен танысып, сатып ала алады,
Көрмеде тамақ, жеңіл және химия өнеркәсібінен бастап, машина жасау, жабдықтар, зергерлік бұйымдарға дейінгі түрлі өнімдер ұсынылады. Мысалы, «Гормолзавод» брендінің сүт өнімдері, «Aq Dam» ұлттық тәттілері, Galamilk сүт өнімдері, Altay Outwear белсенді демалыс киімдері, «Balausa Jewelry» зергерлік бұйымдары, «Қайнар АКБ» аккумуляторлары, «Su bereke» ирригациялық машиналары, «Аврора» дезинфекциялық және косметикалық заттар, «Almaty Turmystyq Tehnika zavody» тұрмыстық техникасы және тағы басқа брендтер таныстырылады.
Сонымен қатар, көрме аясында отандық кәсіпкерлікті дамытуға арналған панельдік сессиялар өтеді. Жетекші қазақстандық және халықаралық сарапшылар бизнес саласындағы маңызды трендтер мен мүмкіндіктерді талқылайды.
Көрме бағдарламасында «Халық Таңдауы» дәм тату байқауы, киім топтамалары көрсетілімі, кәсіпкерлердің шеберлік сабақтары, күнделікті ұтыс ойындары мен концерттік кештер ұйымдастырылады.
Айта кетсек, 2024 жылы «Даму» қоры арқылы 1,7 трлн теңгеге 29,5 мың жоба қаржыландырылып, 25,4 трлн теңгеге өнім шығарылды, 9,7 мың жаңа жұмыс орны құрылды.
«Ulttyq ónim» көрмесі отандық өнімдерді насихаттап, тұтынушылардың қызығушылығын арттыруда. 2022 жылы келушілер саны 20 мың болса, 2023 жылы 22 мыңға жетті, сатылым көлемі де ұлғайды.
Кіру тегін, бірақ алдын ала онлайн тіркелу қажет.
Мекенжайы: EXPO халықаралық көрме орталығы, Мәңгілік Ел даңғылы, 53/1
Ашылу салтанаты: 16 мамыр, сағат 09:00
Жұмыс уақыты: 16-18 мамыр, 08:00-18:00
Елорда тұрғындары мен қонақтарын «Ulttyq ónim» көрмесіне шақырамыз — қолдаңыз, сатып алыңыз, танысыңыз!