Бұршақ, дауыл және тұман: Қазақстанның 16 өңірінде дауылды ескерту жарияланды

0 6

Қазақстанның 16 өңірінде 23 шілдеге байланысты дауылды ескерту жарияланды, деп хабарлайды Sert-inform.kz «Қазгидромет» РМК-ның мәліметіне сілтеме жасап.

Синоптиктердің болжамынша, еліміздің бірқатар өңірлерінде нөсер жаңбыр, найзағай, бұршақ, қатты жел, дауыл және тұман күтіледі. Сонымен қатар көптеген облыстарда жоғары және төтенше өрт қаупі сақталады.

Алматы облысында облыстың солтүстігінде, оңтүстігінде және таулы аудандарында жаңбыр жауып, найзағай ойнап, бұршақ түсуі мүмкін. Желдің екпіні 15-20 м/с, кей жерлерде 25 м/с-қа дейін жетеді. Өңірде жоғары және төтенше өрт қаупі сақталады. Алматы мен Қонаев қалаларында да жаңбыр, найзағай және қатты жел күтіледі. Қатты жауын-шашын салдарынан Күнгей және Теріскей Алатауында сел жүру қаупі бар.

Қарағанды облысында облыстың солтүстігі мен оңтүстік-шығысында нөсер жаңбыр жауып, бұршақ пен дауыл күтіледі. Өңірде жоғары және төтенше өрт қаупі сақталады. Қарағанды қаласында күндіз жаңбыр мен найзағай болжанған.

Ұлытау облысында жаңбыр, найзағай, бұршақ және дауыл күтіледі. Облыстың оңтүстігінде шаңды дауыл болуы мүмкін. Желдің екпіні 15-20 м/с дейін жетеді. Жезқазғанда күндіз аздап жаңбыр жауып, найзағай ойнайды.

Маңғыстау облысында күндіз ауа температурасы 38-40 градусқа дейін көтеріліп, қатты ыстық сақталады. Өңірдің бір бөлігінде жоғары және төтенше өрт қаупі жарияланған.

Ақтөбе облысында күндіз ауа температурасы 35-36 градусқа дейін жетеді. Облыстың бірқатар аумағында жоғары және төтенше өрт қаупі сақталады.

Жамбыл облысында кей жерлерде қатты жаңбыр, найзағай, бұршақ және дауыл күтіледі. Желдің екпіні 15-20 м/с, кей тұстарда 25 м/с-қа дейін күшейеді. Облыс бойынша төтенше өрт қаупі сақталады. Тараз қаласында да жаңбыр, найзағай, бұршақ және қатты жел болжанып отыр.

Атырау облысында күндіз 35-39 градусқа дейін қатты ыстық болады. Облыс бойынша жоғары өрт қаупі, кей аудандарда төтенше өрт қаупі сақталады.

Шығыс Қазақстан облысында жаңбыр, найзағай, бұршақ және дауыл күтіледі. Желдің екпіні 25 м/с-қа дейін жетуі мүмкін. Нөсер жаңбыр салдарынан Қазақстан беткейіндегі Алтай тауларында сел жүру қаупі бар.

Абай облысында жаңбыр, найзағай, бұршақ және дауыл болады деп болжануда. Желдің екпіні кей жерлерде 23-28 м/с-қа дейін жетеді. Семей қаласында да қолайсыз ауа райы күтіледі.

Жетісу облысында жаңбыр, найзағай және бұршақ күтіледі. Желдің екпіні 23-28 м/с-қа дейін күшейеді. Жетісу Алатауында сел жүру қаупі бар.

Батыс Қазақстан облысында өткінші жаңбыр мен найзағай болжанған. Сонымен қатар күндіз 35-38 градус қатты ыстық болып, өрт қаупі сақталады.

Павлодар облысында жаңбыр, бұршақ, дауыл және қатты жел күтіледі. Желдің екпіні 23-28 м/с-қа дейін жетуі мүмкін.

Қостанай облысында жаңбыр, найзағай, бұршақ және дауылмен қатар, түнде және таңертең тұман күтіледі. Желдің екпіні 15-20 м/с болады.

Түркістан облысында жаңбыр, найзағай, бұршақ және дауыл күтіледі. Желдің екпіні 15-20 м/с дейін жетеді. Облыс бойынша төтенше өрт қаупі сақталады. Шымкент пен Түркістан қалаларында да қолайсыз ауа райы болжануда.

Ақмола облысында жаңбыр, бұршақ, дауыл және түнгі уақытта тұман күтіледі. Желдің екпіні 15-20 м/с болады.

Солтүстік Қазақстан облысында өткінші жаңбыр, найзағай, бұршақ және түнгі, таңғы уақытта тұман күтіледі. Желдің екпіні 15-20 м/с дейін жетеді.

Сонымен қатар Астана қаласында күндіз жаңбыр жауып, найзағай ойнап, бұршақ түсуі мүмкін.

Қызылорда облысының оңтүстігінде жаңбыр мен найзағай болжанып отыр. Өңірде төтенше өрт қаупі сақталады.

Мамандар тұрғындарға ауа райының күрт нашарлауына байланысты қауіпсіздік шараларын сақтауға, алыс жолға шығарда ауа райы болжамын ескеруге, сондай-ақ қатты жел, бұршақ және найзағай кезінде мүмкіндігінше қауіпсіз жерде болуға кеңес береді.

Leave A Reply

Your email address will not be published.