АҚШ-та санавиация ұшағы апатқа ұшырап, төрт адам қаза тапты
2025 жылғы 5 тамызда Аризона штатында санавиацияға тиесілі шағын ұшақ апатқа ұшырап, борттағы төрт адам – медицина қызметкерлері қаза тапты. Бұл туралы америкалық телеарналар жергілікті полицияға сілтеме жасап хабарлады.
Апат Навахо тайпасының аумағында, Аризонаның оңтүстік-батыс бөлігінде орын алған. Ұшақ жақын маңдағы ауруханадан науқасты тасымалдауға бара жатқан сәтте апатқа ұшыраған.
Құқық қорғау органдарының мәліметінше, төтенше жағдай сағат 12:40 шамасында тіркелген. Қазіргі уақытта апаттың нақты себебі анықталу үстінде.
«Осынау ауыр сәтте марқұмдардың отбасы мен жақындарына қайғырып көңіл айтамыз», – делінген полиция мәлімдемесінде.
АҚШ-тың Көліктегі қауіпсіздік ұлттық кеңесінің хабарлауынша, апатқа ұшыраған әуе кемесі – Beechcraft 300 үлгісіндегі ұшақ. Оқиға орнында жұмыс істеу үшін арнайы тергеу тобы жіберілген.