Берлин басылымдары Путин–Трамп кездесуінен үлкен нәтиже күтпеуге шақырды
Германиядағы ірі басылымдар Ресей президенті Владимир Путин мен АҚШ президенті Дональд Трамптың алдағы кездесуіне қатысты пікір білдіріп, одан аса үлкен жетістік күтпеу керектігін ескертті. Сондай-ақ, олар Украина мен Еуроодақтың келіссөздерден тыс қалу қаупіне алаңдаулы.
Кездесудің нақты уақыты мен орны әзірге белгісіз болғанымен, неміс медиасы бұл тақырыпты белсенді талқылап жатыр. Журналистердің айтуынша, Путин мұны өз мүддесіне пайдалануға тырысады, ал Киев пен еуропалық лидерлердің шеттетілуі Ресейдің АҚШ-пен екіжақты форматта өзіне тиімді шарттарда мәміле жасауды көздейтінін көрсетеді.
-
FAZ (Frankfurter Allgemeine Zeitung) шолушысы Николас Буссе: Путин Трамптың ықтимал санкцияларына байыппен қарағанымен, Украинадағы атысты дереу тоқтатуға дайын емес. Келіссөздерге Украина қатыспаса, бұл «жаман мәміле» болып, бүкіл Шығыс Еуропаның қауіпсіздігіне әсер етуі мүмкін.
-
Tageszeitung тілшісі Бернд Пиккерт: АҚШ-тың бастапқы жұмсақ ұстанымы Кремльге тиімді болды. Трамптың Мәскеуге нақты қысым жасауға дайын екеніне одақтастар сенбейді және оның бұл тақырыпқа деген қызығушылығы тез суып кетуі мүмкін.
-
Berliner Zeitung сарапшысы Александер Дубовы: Трамп келіссөздерді тар форматта өткізу арқылы Еуропаның қатысуын әдейі шектеуі ықтимал. Бұл – Мәскеудің тактикалық ойыны, ал Еуропа мен Украина келіссөздерде болмаса, тұрақты бейбітшілік орнату мүмкіндігі азаяды.
Неміс басылымдарының ортақ пікірінше, бұл кездесу тараптардың позицияларын түбегейлі өзгертпейді, ал Еуропаның қатысуынсыз ұзақ мерзімді шешім табу қиын.