Елді 40 жылға жуық басқарған Аятолла Хаменидің өлімі: Таяу Шығыстағы қақтығыстардың тұтану себебі

0 1 203

Жапарова Әсел Әбілханқызы

Аятолла Әли Хаменеи — 1989 жылдан бері Иран Ислам Республикасының Жоғарғы көшбасшысы. Ол төрт онжылдыққа жуық уақыт ішінде елдің тек ішкі саясатын ғана емес, бүкіл Таяу Шығыстағы геосаяси архитектураны айқындаған тұлғаға айналды.

Оның билігі тұсында Иран аймақтағы басты ойыншылардың біріне айналды: санкцияларға қарамастан экономикалық бейімделу, әскери-саяси ықпалын кеңейту, аймақтық одақтастармен жұмыс істеу — мұның бәрі ұзақ мерзімді стратегияның нәтижесі болды.

Екі түрлі модель қақтығысы

Бүгін әлемде екі түрлі саяси модель ашық көрініп отыр.

Біріншісі — қысым жасау, санкция, ультиматум, ставканы шегіне дейін көтеру. Бұл модель жылдам нәтиже беруді көздейді. Бірақ оның бір шарты бар: айтылған сөздің артында нақты ресурс тұруы керек. Ставканы көтердің бе — соңына дейін баруға дайын болуың қажет.

Екіншісі — ұстамдылық пен «ұзақ ойын». Бұл тәсіл төзімге, уақытты бақылауға, қарсыласты шаршатуға негізделген. Сырт көзге әсерлі көрінбеуі мүмкін. Бірақ стратегиялық тұрғыда маневр жасауға мүмкіндік қалдырады.

Иран дәл осы екінші модельді көп жыл бойы қолданды.

Ормуз бұғазы және стратегиялық есеп

Ормуз бұғазы — әлемдік мұнай тасымалының негізгі күретамыры. Иранның бұғазды уақытша ашуы әлсіздік емес. Бұл — экономикалық және геосаяси есеп. Себебі бұғазды толық жабу Қытай сияқты негізгі серіктестерге тиімсіз болуы мүмкін еді. Ал мұндай қадам жаһандық нарықтағы дүрбелеңді күшейтіп, күтпеген салдарға әкелуі ықтимал.

Маңыздысы — бұғаз ашық па, жабық па емес. Маңыздысы — тәуекел факторының өзі. Тәуекел артқан сайын сақтандыру құны өседі, кеме қатынасы азаяды, сауда баяулайды. Яғни әсер тек әскери емес, экономикалық сипатта да сезіледі.

Эскалация – әлсіздердің тұзағы

Кейбіреулер үшін қатты мәлімдеме жасау — күштің белгісі. Бірақ шынайы саясатта айқай ресурс орнын алмастырмайды.

Эскалация кейде қарсыластың сценарийіне түсіп қалу деген сөз. Ал стратегиялық күш — қарсыласты өз ережесімен ойнауға мәжбүрлеу.

Хаменидің ықтимал кетуі нені өзгертеді?

Егер 40 жылға жуық ел басқарған көшбасшы саяси сахнадан кетсе, бұл тек Иран үшін емес, бүкіл аймақ үшін бетбұрыс болмақ. Билік транзиті әрдайым тұрақсыздық қаупін арттырады. Ішкі элиталар арасындағы тепе-теңдік өзгеруі мүмкін. Аймақтық саясат қайта қаралады.

Бұл жағдайда Таяу Шығыста жаңа шиеленіс ошақтарының пайда болу ықтималдығы жоғары.

Басты сұрақ

Мәселе «кім қатты сөйлейді?» дегенде емес.

Мәселе — кім ұзаққа шыдайды, кім ресурсын сақтайды, кім уақытты өз пайдасына қолдана алады?

Алдағы кезең — эмоция емес, стратегиялық есеп кезеңі.Таяу Шығыстағы тұрақтылықтың тағдыры дәл осы таңдауға байланысты болмақ.

Leave A Reply

Your email address will not be published.