Елімізде 85 мың гектарға жуық жер су үнемдеу технологияларымен суарылады
Бұл туралы Су ресурстары және ирригация министрлігі хабарлады. Оңтүстік өңірлерде шамамен 59 мың гектар жерге су үнемдеу жүйелері орнатылған. Соның ішінде 15,5 мың гектар жаңбырлатып суару, 29,4 мың гектар тамшылатып суару жүйелері қолданылса, 14,1 мың гектар жер лазерлік құрылғылармен тегістелген.
2024 жылдың қорытындысы бойынша, Қазақстан бойынша жалпы 158 мың гектардан астам жерге су үнемдеу технологиялары енгізілген, оның ішінде оңтүстік өңірлерге тиесілі көлем — шамамен 130 мың гектар.
– Былтыр министрлік фермерлердің су үнемдеу технологияларын сатып алып, орнатуына кеткен шығынның өтемақысын 30%-ға арттырды. Сонымен қатар суармалы суға сараланған субсидиялар енгізілді. Су үнемдеу жүйелерін қолданатын шаруалар үшін субсидия көлемі 60%-дан 85%-ға дейін ұлғайтылды. Бұл технологиялар суармалы суды 30%-ға дейін үнемдеуге мүмкіндік береді, – деді Су ресурстары және ирригация министрлігі Су үнемдеу технологияларын дамыту департаментінің директоры Берікбол Мәндібаев.
Қазір Қазақстанда жаңбырлатып және тамшылатып суару жабдықтарын шығаратын төрт отандық зауыт жұмыс істейді. Олар Түркістан облысында, Астана және Алматы қалаларында орналасқан. Биыл Түркістан облысында тамшылатып суару жабдықтарын шығаратын үш жаңа зауыт ашу жоспарлануда.