Ішкі істер министрлігі FPV-дрон операторларын даярлауды бастады

0 4

Бұл туралы Ішкі істер министрлігінің баспасөз қызметі хабарлады.

Ішкі істер министрі Ержан Саденов ІІМ Басқару академиясы базасында ашылған ұшқышсыз ұшу аппараттары (ҰҰА) операторларын даярлауға арналған мамандандырылған зертхана мен оқу полигонының жұмысымен танысты.

Жаңа зертхананың басты ерекшелігі – FPV-дрондармен жұмыс істеудің толық циклын қамтуы. Мұнда 3D-принтерлер арқылы бөлшектерді жобалау және дайындаудан бастап, дрондарды құрастыру, техникалық баптау және сынақтан өткізуге дейінгі барлық кезеңдер жүзеге асырылады. Бұл тәсіл тыңдаушыларға тек пилоттау машығын меңгеріп қана қоймай, FPV-дрондардың құрылымы мен жұмыс істеу қағидаттарын терең түсінуге мүмкіндік береді.

Арнайы жабдықталған полигон операторларды практикалық тұрғыда даярлауға бағытталған. Онда ұшқышсыз аппараттарды басқару, маневр жасау және шынайы жедел жағдайларға барынша жақындатылған ортада оқу тапсырмаларын орындау дағдылары пысықталады.

Сонымен қатар академияда ҰҰА операторларын даярлаудың мамандандырылған курстар жүйесі енгізілді. Атап айтқанда, Ashyq Aspan Foundation қорымен бірлесіп әзірленген оқытудың екінші кезеңі іске асырылуда. Бұл кезең тереңдетілген практикалық дайындыққа, FPV-дрондармен жұмыс істеуге және күрделі жағдайларда жедел шешім қабылдау қабілетін дамытуға бағытталған.

Іс-шара барысында ұшқышсыз ұшу аппараттарын басқару бойынша мамандар даярлау жүйесін одан әрі жетілдіру, сондай-ақ ішкі істер органдары қызметінде ұшқышсыз технологияларды қолдану аясын кеңейту мәселелері талқыланды.

Leave A Reply

Your email address will not be published.