Педагогикалық гранттар мәселесі: Мәжіліс Үкіметтен нақты есеп талап етті
Мәжіліс депутаты Нұргүл Тау білім беру саласында, әсіресе педагогикалық кадрларды даярлау жүйесінде тиімділік мәселесін көтеріп, Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбекке нақты сұрақ қойды.
Оның айтуынша, мұғалімдерді даярлаудағы кемшіліктер стратегиялық деңгейдегі қателікке айналып отыр. Депутат аудит нәтижелеріне сүйене отырып, педагогтерді даярлауға арналған мемлекеттік тапсырыстың жылдар бойы еңбек нарығындағы нақты қажеттілікпен сәйкес келмегенін, мониторинг жүргізілмегенін айтты.
Нақты деректер бойынша:
-
2022 жылы қажеттілік 7,5 есе, ал 2023 жылы 9,3 есе артқан;
-
Үш жыл ішінде 31,8 млрд теңге немесе 13 905 қосымша грант артық жұмсалған;
-
Мемлекеттік тапсырыс арқылы білім алған түлектердің 90%-ы жұмысқа орналаспаған;
-
35 мыңнан астам педагог жұмыссыз, 60 мың түлек бойынша мүлдем ақпарат жоқ.
Депутат сондай-ақ, жоғары білімнің қазіргі жағдайына қатысты ұлттық есептің соңғы екі жылда жарияланбағанын сынға алды.
Министр Саясат Нұрбек жауап ретінде былай деді:
«Министрлік құрылған сәттен бастап педагогикалық кадрларды даярлау мәселесін бақылауға алдық. Мемлекеттік тапсырыс Еңбек министрлігінің еңбек нарығына қатысты болжауына сәйкестендірілген. 2030 жылға дейін елімізге 883 мыңнан астам маман қажет, соның 20%-ы – мұғалімдер. Биылғы 77 мың гранттың 15 мыңдайы педагогика саласына бөлінді», – деді ол.
Сондай-ақ, министр мұғалімдердің жалақысы мен студенттердің стипендиясы өскенін, салаға жастарды тарту шаралары қабылданып жатқанын атап өтті.
Алайда Мәжіліс төрағасы Ерлан Қошанов бұл жауапты қанағаттанарлықсыз деп бағалады.
«Нақты сұрақ қойылды. Мамандар даярланады, бірақ олар кейін қажетсіз болып шығады. 90%-ы жұмысқа орналаспаған. Бұл – мемлекеттің қаржысы далаға кетіп жатыр деген сөз», – деп сын айтты ол.
Министрдің айтуынша, депутат келтірген деректер 2019–2021 жылдарға тиесілі. Қазіргі уақытта түлектер халықаралық және жеке оқу орындарына да орналасуда. 60 мың түлекке қатысты толық ақпарат министрлікте бар және сұраныс бойынша ұсынылады.
Алайда Қошанов: «Бүгінгі емес, кешегі күннің есебі керек. Қазіргі жағдайды келесі жылы қарастырамыз», – деп министрге нақты статистикалық жауап беруді талап етті.