Pegasus әуе компаниясы Қазақстан аспанында болған оқиғадан кейін пауэрбанк тасымалдауға тыйым салды
Түркияның Pegasus Airlines компаниясы ұшақта орын алған төтенше жағдайдан кейін портативті қуаттағыштарды (пауэрбанктерді) қол жүгінде алып жүруге тыйым салды. Бұл туралы түрік БАҚ-тары хабарлады.
Оқиға шілде айының соңында орын алған: Стамбұлдан Сеулге бағыт алған рейс Қазақстан әуе кеңістігінде болған күтпеген жағдайға байланысты кері бұрылуға мәжбүр болды. Жолаушының пауэрбанкі орындықтардың арасына түсіп кеткен. Құрылғыны алу мүмкін болмағандықтан, экипаж қауіпсіздік мақсатында рейсті тоқтату туралы шешім қабылдаған.
Осы жайттан кейін Түркияның көлік және инфрақұрылым министрі Абдулкадир Уралоғлы әуе компанияларына сыртқы аккумуляторларды ұшу барысында қолдануға тыйым салуды ұсынды. Бұл ұсыныстың негізінде Pegasus Airlines компаниясы пауэрбанктерді қол жүгінде алып жүруге және ұшу кезінде пайдалануға ресми түрде тыйым салды.
«Тыйымға сәйкес, жолаушылар портативті қуаттағыштарды өздерімен бірге ұшаққа алып кіре алмайды және оларды ұшу кезінде қолдануға рұқсат етілмейді», – деп хабарлады компания.
Айта кету керек, бұған дейін Turkish Airlines компаниясы литий батареясы бар «ақылды» шабадандарды қол жүгінде де, жүксалғышта да тасымалдауға тыйым салған болатын.
Бұл шешім – ұшақ бортындағы қауіпсіздікті арттыруға бағытталған қадам. Әуе тасымалында литий батареяларына қатысты шектеулер жыл өткен сайын күшейіп келеді.