Қаржылық пирамида белгілері бар 1 198 сілтеме бұғатталды
Өңірлік коммуникациялар қызметінің ақпарат алаңында облыстық экономикалық тергеп-тексеру департаменті басшысының орынбасары Самат Қойбақовтың қатысуымен брифинг өтті. Спикер «көлеңкелі» экономикаға қарсы бағытталған іс-шаралардың нәтижесі туралы баяндады.
– Биыл құны 5 миллиард теңге көлемінде акциздік өнімдердің заңсыз айналымы бойынша 21 қылмыстық іс тіркелді, 6 миллион қораптан астам темекі, 1 880 литр спирт және 600 бөтелке контрафакттік арақ заңсыз айналымнан тәркіленді. Ал өткен жылдың 12 айында 23 қылмыстық іс тіркеліп, заңсыз айналымнан құны 5 миллиард теңгеден астам өнім, 6,5 миллион қорап темекі және 174 мың вейп тәркіленген болатын.Осы 7 айда департаментте қаржы пирамидаларын ұйымдастырушыларға қатысты 2 қылмыстық іс тіркелді. Қажетті тергеу шаралары жүргізілуде. Өткен жылдың сәйкес кезеңінде 200-ден астам жәбірленушінің арызы бойынша 3 қылмыстық іс тіркелді.
Тергеу барысында қабылдаған шаралар нәтижесінде азаматтарға 45 миллион теңгеден астам келтірілген шығын өтелді.Департамент зардап шеккен азаматтарға келтірілген залалды өтеу және ұйымдастырушылар алған қылмыстық кірісті анықтау бойынша барлық қажетті шараларды қабылдауда. Мысалы, «Chia Tai Tianging Pharmaceutical Group» қаржы пирамидасын ұйымдастырушыға қатысты қылмыстық істі тергеу барысында сатып алынған пәтер түріндегі мүлік пен 10 миллион теңгеден астам қаражат тәркіленді. Және қаржылық пирамида белгілері бар 1 198 сілтеме бұғатталды, – дейді Самат Базарханұлы.
Сонымен қатар 7 айда Тараз және Шу қалаларында 2 заңсыз құмар ойын бизнесін ұйымдастыру дерегі анықталыпты. Аталған фактілер бойынша Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 307-бабы бойынша қылмыстық істер тіркеліп, сотқа жолданған. Қосымша заңсыз контенті бар 374 сілтеме бұғатталыпты.
Эльмира БАЙНАЗАРОВА