Қазақстанда әскерге жарамсыз жастарды анықтайтын жаңа психологиялық әдіс енгізілді

0 25

Қазақстан Қарулы күштерінде әскерге шақырылушыларды іріктеудің жаңа жүйесі – PSY-тәуекел әдістемесі енгізілуде. Жаңа тәсіл әскердегі қайғылы оқиғалардың алдын алып, психоэмоционалды тұрақсыз жастарды ерте кезеңде анықтауға бағытталған.

Қорғаныс министрлігінің мәліметінше, бұл әдістеме әскери психологтар тарапынан әзірленген және 2025 жылғы көктемгі шақыру науқаны кезінде сынақтан сәтті өтті. Нәтижесінде, суицидке бейімділік белгілері бар 470-тен астам жас анықталып, олар қызметтен босатылған немесе қосымша медициналық тексеруге жіберілген.

PSY-тәуекел әдістемесі үш кезеңнен тұрады:

  1. Алғашқы скрининг (психологиялық тестілеу),

  2. Терең психологиялық бағалау,

  3. Қажет болған жағдайда психиатриялық сараптама.

Басты мақсат – психологиялық тұрақтылығы төмен жастарды әскери қызметтен шеттету арқылы армиядағы моральдық климат пен қауіпсіздікті сақтау.

Жаңа жүйені енгізу мәселесі Қарулы күштердің Ұлттық әскери-патриоттық орталығында өткен ведомствоаралық жұмыс тобының отырысында қаралды. Оған Қорғаныс, Ішкі істер, Денсаулық сақтау, Ғылым және жоғары білім министрліктерінің өкілдері, сондай-ақ ҰҚК, Мемлекеттік күзет қызметі және басқа құрылымдардың мамандары қатысты.

Қорғаныс министрлігінің Тәрбие және идеологиялық жұмыстар департаменті басқармасының бастығы, подполковник Арман Қалышевтің айтуынша, бұл бастама – Үкімет тапсырмасымен іске асып жатқан жүйелі профилактикалық жұмыс.

«Біз психологиялық тұрғыда тұрақсыз азаматтарды електен өткізіп қана қоймай, болашақ әскери бөлімдердегі ұжымдарды да ықтимал қауіп-қатерден қорғауға тырысамыз», – деді Қалышев.

Жаңа жүйе алдағы уақытта еліміздің барлық өңірінде кезең-кезеңімен енгізіледі. Мамандардың айтуынша, бұл бастама іріктеу сапасын арттырып қана қоймай, әскери ортадағы келеңсіз жағдайлардың алдын алып, жас сарбаздардың психикалық денсаулығын сақтау жолында маңызды қадам болмақ.

Leave A Reply

Your email address will not be published.