Қазақстандықтардың нақты жалақысы инфляция мен тарифтердің өсуіне байланысты тоқтап тұр
Ұлттық статистика бюросының мәліметінше, 2025 жылдың екінші тоқсанында қазақстандықтардың орташа жалақысы өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда шамамен 11% өскен. Алайда инфляцияның жоғары болуы мен тарифтердің көтерілуіне байланысты нақты жалақы өсімі тоқтап қалды.
Қазір ел тұрғындарының орташа айлық жалақысы 450 мың теңгеге жуық, бірақ қазақстандықтардың басым бөлігі осы көрсеткіштен төмен табыс табады.
Ең жоғары өсім байқалған салалар:
-
ақпарат және байланыс – +24%,
-
ауыл шаруашылығы – +23,7%,
-
электрмен жабдықтау – +17%.
Керісінше төмендеген немесе баяу өскен салалар:
-
құрылыс – -0,7%,
-
білім беру, денсаулық сақтау, әкімшілік қызмет көрсету – мардымсыз өсім.
Ұлттық статистика бюросының сарапшысы Гүлнұр Ахметқали жалақы өсімінің біркелкі емес екенін атап өтті.
Ал шығындардың артуы инфляцияның күшеюімен байланысты. Қазақстан қаржыгерлер қауымдастығының сарапшысы Рамазан Досовтың айтуынша, экономикалық өсімнің негізгі бөлігі ірі инвестициялық жобаларға тиесілі болғанымен, олар халықтың табысына айтарлықтай әсер етпейді.
Экономистер биылғы жылды бизнес үшін ауыр кезең деп бағалап отыр. Бұған валюта бағамының тұрақсыздығы, салық кодексіндегі өзгерістер және тарифтердің көтерілуі себеп болған. Бұл жағдай кәсіпкерлерге жалақыны айтарлықтай арттыруға мүмкіндік бермей отыр.