«Қызғалдақ мұра» фестиваліндегі тасымалдаудағы түйткіл неде?
Жамбыл облысында өткен «Қызғалдақ мұрасы – ұлт мұрасы» фестивалі ауқымы мен көркімен көзге түссе де, ұйымдастырудағы кейбір кемшіліктер көпшіліктің көңілінен шықпады. Әсіресе көлікпен тасымалдау мәселесі – жергілікті тұрғындар мен қонақтардың наразылығын тудырған басты түйткіл болды.
«РАЦИЯЛАРЫ ЖҰМЫС ІСТЕМЕЙДІ, ПАТРУЛЬ ҮНСІЗ ТҰРДЫ»
Жергілікті тұрғындар көлікпен жету және қайту кезіндегі ұйымдастыру жұмыстарының әлсіздігін атап өтті.
«Рациялары жұмыс істемейді, патруль құры тұрды. Жолдағы балалардың жартысын алып кетуді сұрағанымызда полицейлер қатысы жоқ екенін айтып, бізді айналып өтті», – дейді ашынған халық.
Кейбір ата-аналар балаларымен бірге бірнеше сағат жолда күтіп қалғандарын айтса, әлеуметтік желіде бұл жағдай қызу талқыланып, фестивальдің көлеңкелі тұстары сөз болды.
ШЕНЕУНІК НЕ ДЕЙДІ?
Бұл жағдайға байланысты Жамбыл облысы әкімдігінің кәсіпкерлік және индустриалды-инновациялық дамыту басқармасының басшысы Аспандияр Сейсебаев пікір білдірді.
««Қызғалдақ мұра» сайтында 3232 адам тіркелген болса, тағы 2000 адам тіркелмей келген. Яғни, жалпы қатысушылар саны 5000-нан асты. Жеке көлікпен келгендер саны – 4000-ға жуық. 700-ден астам жеке көлік, оның ішінде жеке спринтерлер болды», – деді ол.
______________
ТАСЫМАЛДАУДАҒЫ ТҮЙТКІЛ НЕДЕ?
Аспандияр Сейсебаев тасымалдау барысында басты кедергілердің бірі ретінде жолдың бір жолақты болуын және көлік кептелісін атады.
«Тараз қаласынан арнайы дайындалған 20 автобуспен 918 адам келді. Олар үшін 40 Нива автокөлігі мен 10 ПАЗ автобусы әзірленген болатын. Алайда жеке көліктерімен келген азаматтар жол бойында өз көліктерін қалдырып, арнайы көліктерге мінгендіктен, жоспарланған тасымал үдерісіне кедергі келтірді», – дейді ол.
УАҚЫТША ҚИЫНДЫҚ ПА, ҰЙЫМДАСТЫРУДЫҢ ӘЛСІЗДІГІ МЕ?
Шенеуніктің айтуынша, адамдар фестивальден ерте қайта бастаған. Ал сағат 14:00-15:00 аралығында адам саны күрт артқан.
«Мен өзім барлық азаматтарды 17:20-де отырғызып, шығарып салдым. Барлығы жауапкершілікпен өтті. Зардап шеккендер болған жоқ. Әрине, бұл бағыттағы ауқымды шара өңірде алғаш рет ұйымдастырылғандықтан, кейбір келеңсіздіктер орын алды. Ол алдағы уақытта сабақ әрі үлкен тәжірибе болары сөзсіз», – дейді Сейсебаев.