Сенат төрағасы Әшімбаев енді не істейді?
Қазақстан Парламенті Сенатының соңғы пленарлық отырысы өтті. Осылайша, 1995 жылғы Конституция негізінде құрылған Парламенттің жоғарғы палатасы 30 жылдық қызметін қорытындылады.
Отырыс барысында сенаторлар күн тәртібіндегі бірқатар заң жобаларын қарап, мақұлдады. Кейін Сенат төрағасы Мәулен Әшімбаев палата жұмысына қорытынды жасап, барлық депутаттарға бірлескен қызметі үшін алғыс айтты.
«Бүгін Парламент Сенаты тарихындағы соңғы отырыс өтті. 1995 жылғы Конституция негізінде құрылған екі палаталы Парламент 30 жылдық тарихи миссиясын абыроймен аяқтап отыр», – деді ол.
Сондай-ақ Сенат төрағасы елдің мемлекеттік басқару жүйесінде жаңа кезең басталатынын атап өтті.
Сенаттың мәліметінше, жоғарғы палата өз қызметі барысында 890 пленарлық отырыс өткізіп, 3,5 мыңнан астам заңды қарастырып, қабылдауға қатысты.
Отырыс аяқталғаннан кейін журналистер Мәулен Әшімбаевтан алдағы қызметі туралы сұрады. Алайда ол нақты жоспарын жариялаған жоқ.
«Біз әрі қарай да елімізде өз бағытымыз бойынша жұмыс істей береміз. Сіздер өз бағыттарыңызда, біздің әріптестер, депутаттар өз бағыттарында, басқа да азаматтар ары қарай да Әділетті Қазақстанды құруға бар күш-жігерімізді жұмсап, осы бағыттарда нәтижелі жұмыс істейміз деп сенеміз. Рахмет!», – деді ол.
Ертең Президенттің қатысуымен Сенат пен Мәжілістің соңғы бірлескен отырысы өтеді. Жиында қазіргі парламенттік сессияның жабылуы ресми түрде жарияланады.
1 шілдеден бастап жаңа Конституция күшіне еніп, қазіргі парламенттік модельдің өкілеттігі аяқталады. Оның орнына жаңа форматтағы Құрылтай өз жұмысын бастайды. Ал жаңа заң шығарушы органның құрамын жасақтайтын сайлау тамыз айына жоспарланған.