Сыбайлас жемқорлықсыз қоғам – әр азаматтың рөлі

0 6

Байзақ ауданында «Сыбайлас жемқорлықсыз қоғам – әр азаматтың рөлі» тақырыбында дөңгелек үстел отырысы өтті. Маңызды жиынға ауданның барлық 17 ауылдық округінің әкімдері қатысып, сыбайлас жемқорлықтың алдын алу, қоғамда адалдық пен әділдік қағидаттарын қалыптастыру мәселелері кеңінен талқыланды.

Іс-шараны «Адал қоғам» қоғамдық бірлестігі ұйымдастырды. Жиынның басты мақсаты – мемлекеттік қызмет саласында ашықтықты қамтамасыз ету, сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті нығайту және қоғамның бұл бағыттағы жауапкершілігін арттыру.

Дөңгелек үстелде «Әділдік жолы» республикалық қоғамдық бірлестігінің Жамбыл облыстық филиалының жетекшісі Назима Дәрменқызы баяндама жасап, сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимылдың маңыздылығына тоқталды. Ол өз сөзінде жемқорлықпен күрес тек мемлекеттік органдардың ғана емес, әрбір азаматтың ортақ міндеті екенін атап өтті.

– Әділ әрі дамыған қоғам құру үшін әр азамат заң талаптарын сақтап, қоғамдық бақылауға белсенді араласуы қажет. Адалдық пен жауапкершілік қағидаттары қоғамның негізгі құндылығына айналғанда ғана жемқорлықтың жолы кесіледі, – деді Назима Дәрменқызы.

Кездесу барысында қатысушылар мемлекеттік қызметтегі этика нормалары, халықпен тиімді байланыс орнату, мемлекеттік қызметтердің ашықтығын қамтамасыз ету және құқық бұзушылықтардың алдын алу бағытындағы жұмыстар жөнінде пікір алмасты. Сондай-ақ ауылдық округ әкімдері өз тәжірибелерімен бөлісіп, тұрғындардың сенімін арттыру жолдарын талқылады.

Жиын соңында қатысушылар сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес – қоғамның тұрақты дамуы мен ел болашағының кепілі екендігін атап өтіп, алдағы уақытта да бұл бағыттағы жұмыстарды жүйелі түрде жалғастыру қажеттігін жеткізді.

Осындай тағылымды кездесулер қоғамда адалдық мәдениетін қалыптастыруға, мемлекеттік қызметтің беделін арттыруға және азаматтардың құқықтық сауаттылығын көтеруге өз үлесін қосатыны сөзсіз.

Leave A Reply

Your email address will not be published.