Танымал блогер Зарина Сапар экс-күйеуінің зорлық-зомбылық көрсеткенін айтты
«Қалаулым» бағдарламасы арқылы танылған блогер Зарина Сапар бұрынғы жұбайы Айдос Игіліковтің тарапынан көрген қорлығын ашық жария етті. Оның айтуынша, олар отбасын құрмай тұрып та жақын қарым-қатынаста болмаған.
«Бағдарламада қасымда отырған қатысушы — Айдос Игіліков мені алып қашты. Бұған ешкім сенбеді: редакция да, қатысушылар да. Себебі біз жұп болып жүрген жоқпыз, флирт те болған емес. Ол мені сырттай ұнататынын білдіріп жүрген. Өзім қазақы тәрбиедегі, ауылдан шыққан қыз болғандықтан, мені ‘түзеп алуға’ болатын деп ойлады. Алып қашқанда бәрі ‘жарасасыңдар’ деді, ұят болады деп қалдым. Бірақ жолда да, барған соң да ұйықтап қалдым. Бір нәрсе ішкізген бе деген күмән бар. Барған жерімде келін ретінде төсек тексерілді», – дейді ол.
Заринаның айтуынша, үйленгеннен кейін екі апта өтпей жатып, Айдос оған алғаш рет қол көтерген.
«Алғашқы жанжал анама өз ақшамды жібергенім үшін басталды. Ол мен үйленбей тұрып тапқан қаражат болатын. Сол кезде ұрысып, балағаттап, естен танғанша ұрды. Із қалмайтындай, көрінбейтін жерлерден ұратын. Бұл – алдын ала жоспарланған күш көрсету. Бірде қылқындырып, жерден көтеріп алды. Телефонымды сындырып тастап, жақындарыммен сөйлестірмей қойды. Қол көтеру үйленгеннен кейін екі жарым аптадан соң басталды. Ал екі күн бұрын аяғым ауыр кезде ішіме отырып алып, басымды екі жаққа ұрды», – деп жан сырымен бөлісті блогер.