Терроризм бабымен сотталған азамат: адасу мен өкінішке толы тағдыр

0 66

Терроризмді насихаттады деген айыппен 12 жылға сотталған Думан Усенов жазасын өтеу барысында өз оқиғасын баяндап, қалай алданғанын айтып берді. Оның сөзінше, барлығы интернеттен басталған.
Усеновтің айтуынша, ол бір жыл бойы YouTube платформасындағы түрлі діни сипаттағы видеоларды үздіксіз көрген. Діни білімі болмағандықтан, ақпараттың ақ-қарасын ажырата алмаған. Сол материалдарда Сирияға көшіп барғандарға үй мен жағдай жасалатыны туралы уәделер айтылған. Осы үгіт-насихатқа сенген ол отбасымен бірге көшу туралы шешім қабылдап, құжаттарын да рәсімдей бастаған.
Алайда сапар жүзеге аспай тұрып, оларды Қазақстан Ұлттық қауіпсіздік комитеті қызметкерлері ұстаған. Сот үкімімен Қылмыстық кодекстің 257-бабы бойынша 12 жылға бас бостандығынан айырылған. Қазір жазасының аяқталуына екі жыл қалған.
Ол сол кезеңдегі жағдайды еске алып, Сирияға бару ниеті «Қазақ бауырларға көмек көрсету» ойынан туғанын айтады. «Сол жылдары көп адам кетіп жатты. Кейін ғана ондағы шынайы жағдайды көрсетті. Қазір бәрін түсіндім», — дейді ол.
Алты баланың әкесі бостандыққа шыққан соң өмірін толық өзгертуге ниетті екенін жеткізді. Қазір ол түрмеде ағаштан астау жасап, тігін ісімен айналысады. Сондай-ақ ата-анасы мен отбасынан кешірім сұрайтынын айтты.
Сұхбат соңында ол қоғамға үндеу жасап, діни мәселеде тек ресми дереккөздерге сенуге шақырды. Атап айтқанда, азаматтарды ақпаратты тек Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы секілді ресми мекемелерден алуға кеңес берді.
Мамандардың айтуынша, мұндай оқиғалар интернеттегі күмәнді діни контенттің қауіпін көрсетеді. Сондықтан ақпаратты тексеру, ресми көздерге сүйену және діни сауатты арттыру — радикал идеологияның алдын алудың басты жолы.
Сұхбаттың толық нұсқасы осы сілтемеде

 

Leave A Reply

Your email address will not be published.