V ДҮНИЕЖҮЗІЛІК КӨШПЕНДІЛЕР ОЙЫНЫ БАСТАЛДЫ
Мемлекет басшысы V Дүниежүзілік көшпенділер ойындарының ашылу салтанатына қатысты. Президент Көшпенділер ойыны бабалар аманат еткен қастерлі мұраны көздің қарашығындай сақтап, жас буынға табыстау мақсатынан туған бірегей жоба екенін айтты. «Астана Арена» стадионында өткен шараға Өзбекстан мен Қырғызстан Президенттері мен Түрікменстан Халк Маслахатының төрағасы Гурбангулы Бердімұхамедов, Татарстан Республикасының Раисы, Саха Республикасының басшысы және Моңғолияның бұрынғы президенті Энхбаяр Намбарын мен Дүниежүзілік этноспорт конфедерациясының президенті Біләл Ердоған қатысты. Сондай-ақ халықарлық ұйымдардың басшылары төбе көрсетті. Қалыптасқан дәстүр бойынша жарысқа қатысушы мемлекеттер спортшыларының шеруі өтті. Биылғы Көшпенділер ойындарына Азия мен Еуропадан, Солтүстік және Оңтүстік Америкадан, Африкадан, сондай-ақ Австралиядан спортшылар келді. Дүбірлі доданың ашылу салтанатында қазақ жерін мекен ететін түрлі этнос өкілдерінің балалары көк байрағымызды алып шықты. Кешегі Дүниежүзілік көшпенділер ойынының ашылу салтанаты әлеуметтік желіде қызу талқыға түсті. Бұл тарихи сәт Париждегі олимпиада ойындарының ашылу салтанатынан артық болмаса, кем түспеді деп жарыса жазып жатыр.