Жас педагогтердің құқықтық сауаттылығын арттыру, заң талаптарын білуге ынталандыру, сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыру, лудоманияның алдын алу және қоғамда заң мен тәртіп құндылықтарын насихаттау мақсатында «Адал қоғам» қоғамдық бірлестігінің ұйымдастыруымен жас педагогтер арасында «ЗАҢДЫ БІЛ – ТӘРТІПТІ САҚТА!» атты құқықтық Quiz-ойыны өтті.
Интеллектуалдық сайысқа 7 команда, барлығы 28 жас педагог қатысып, құқықтық білімдерін, логикалық ойлау қабілеттерін, шапшаңдықтарын және командалық жұмыс дағдыларын ортаға салды.
Ойын бірнеше кезеңнен тұрды. Алғашқы «Заңды білесің бе?» кезеңінде қатысушылар Конституция, азаматтардың құқықтары мен міндеттері, педагогтің кәсіби қызметі және құқықтық сауаттылық тақырыптары бойынша білімдерін сынады.
«Сыбайлас жемқорлыққа жол жоқ!» кезеңінде сыбайлас жемқорлыққа қарсы заңнама, мүдделер қақтығысы, сыбайлас жемқорлықтың алдын алу және құқық бұзушылық туралы хабарлау тәртібіне қатысты сұрақтарға жауап берді.
Ал «Лудомания: ойын емес, тәуелділік» кезеңінде құмар ойынға тәуелділіктің ықтимал әлеуметтік және қаржылық салдары, тәуекелдерді тану және одан сақтану жолдары қамтылды.
Сайыстың қорытынды кезеңі «Блиц – заң және тәртіп» форматында өтіп, жас педагогтердің педагог мәртебесі, білім беру саласындағы заңнама, педагогтік әдеп, сыбайлас жемқорлыққа қарсы талаптар, сондай-ақ педагогтердің құқықтары мен міндеттері бойынша білімін жылдам әрі нақты жауап беру арқылы анықтады.
Сайыстың әділ әрі мазмұнды өтуіне арнайы шақырылған сарапшылар әділқазы ретінде бағалау жүргізді.
Атап айтқанда, Жамбыл облысы Әділет департаментінің құқықтық түсіндіру және халыққа заңгерлік қызмет көрсету бөлімінің бас маманы Салиева Жанбота Газизовна, Шерхан Мұртаза атындағы Халықаралық Тараз университеті Заң клиникасының меңгерушісі Мусаева Алия Январбековна, сондай-ақ Жамбыл облысы әкімдігінің ақпарат және қоғамдық даму басқармасының бас маманы Апсалямов Нұрдос Талғатұлы қатысып, командалардың жауаптарын бағалады.
Сайыс қорытындысы бойынша:
🥇 I орын – «Алаш» командасы, Әлихан Бөкейханов атындағы №1 гимназия;
🥈 II орын – «7 Zhargy» командасы, №66 орта мектеп;
🥉 III орын – «Legal Mmd» командасы, №3 мектеп-лицей.
Сонымен қатар белсенділігімен және ерекше білім-білігімен көзге түскен жас педагогтер арнайы номинациялармен марапатталды.
🏆 «Заң және тәртіп көшбасшысы» номинациясының иегері – Әлихан Бөкейханов атындағы №1 гимназияның «Алаш» командасының мүшесі Байсубай Жексенбай Әділханұлы.
🏆 «Үздік жас педагог» номинациясының иегері – №54 орта мектебінің «Өркен» командасының мүшесі Жұмашева Алина Айдарқызы.
🏆 «Ең үздік құқықтық шешім» номинациясының иегері – №66 орта мектептің «7 Zhargy» командасының мүшесі Махаметжан Мағжан Ақылжанұлы.
Іс-шара барысында қатысушылар заңды білу тек теориялық біліммен шектелмейтінін, құқық пен міндетті қатар түсіну, заң талаптарын құрметтеу және күнделікті өмірде жауапты шешім қабылдай білудің маңызды екенін көрсетті.
«Заңды біл – тәртіпті сақта!» Quiz-ойыны жас педагогтер үшін құқықтық білімін жетілдіріп, адалдық, жауапкершілік және заңға құрмет құндылықтарын нығайтқан мазмұнды алаңға айналды.
Іс-шара соңында қатысушыларға белсенділігі үшін алғыс айтылып, жеңімпаздар мен арнайы номинация иегерлеріне дипломдар мен қаржылай сыйлықтар табысталды.

Пікірлер