Жамбылдағы 6 жасар баланың өлімі: Бас дәрігер қызметінен босатылды

0 12

Жамбыл облысында 6 жастағы баланың өлімінен кейін Т.Рысқұлов аудандық орталық ауруханасының бас дәрігері қызметінен босатылды. Бұл туралы өңір басшысы Ербол Қарашөкеев Орталық коммуникациялар қызметіндегі баспасөз мәслихатында хабарлады.

Қайғылы оқиғаға қатысты алғашқы мәліметтер бойынша, баланың туыстары медициналық мекеме тарапынан дұрыс диагноз қойылмағанын және толыққанды ем тағайындалмағанын алға тартты. Айтуларынша, оған «дискинезия» — ішкі ағзалар қозғалысының бұзылуы, әсіресе өт жолдарының моторикасының дұрыс жұмыс істемеуі — диагнозы қойылған. Науқасқа тек «Креон» препараты ұсынылған, алайда бұл дәрі уақытша жеңілдік бергенімен, аурудың негізгі себебін емдемейді.

Туыстарының жан жарасын тереңдеткен тағы бір жайт — баланың анасы да екі жыл бұрын дәл осы ауруханада қайтыс болған.

Оқиғадан кейін облыс әкімдігі жанынан арнайы жұмыс тобы құрылып, жоспардан тыс кешенді тексеріс жүргізілді. Сараптамаға тәуелсіз мамандар тартылып, сонымен бірге Денсаулық сақтау министрлігінің Медициналық және фармацевтикалық бақылау комитетінің облыстық департаменті де жеке тексеру өткізді.

Тексеру нәтижесі бойынша аурухананың бас дәрігері қызметінен босатылды.

Өңір әкімі Ербол Қарашөкеевтің айтуынша, бұл жағдайдан кейін облыстағы барлық медициналық ұйымдардың басшыларымен кеңес өткізіліп, жауапкершілікті күшейту жөнінде нақты тапсырмалар берілген.

«Бұл оқиға біздің толық бақылауымызда. Алдағы уақытта мұндай жағдайлардың алдын алу үшін қосымша шаралар қабылданады,» — деді облыс әкімі.

Leave A Reply

Your email address will not be published.