Желтоқсан айында қазақстандықтарды қандай маңызды өзгерістер күтіп тұр
Әдеттегі сенбі-жексенбіден бөлек, 16 желтоқсан – Тәуелсіздік күніне орай сейсенбі күні де демаламыз. Ал 30 және 31 желтоқсан – жұмыс күндері болып қала береді
Төменде желтоқсан айында енгізілетін маңызды өзгерістер мен қызықты жаңалықтарды топтастырдық.
Азаматтар автолизинг рәсімдей алады
1 желтоқсаннан бастап елімізде автолизинг жеке тұлғалар үшін қолжетімді болмақ. Бұған дейін мұндай мүмкіндік тек компанияларға берілген еді. Енді қазақстандықтар жеңіл көлікті лизингке алып, кейін оны сатып алуына немесе қайтаруына болады.
Қазақстанда жаңа лоукостер өз жұмысын бастайды
1 желтоқсанда Таиландтың жаңа арзан әуе тасымалдаушысы – Thai Air Asia X Қазақстан нарығына кіреді. Ол Бангкок – Алматы бағытында аптасына төрт рет: дүйсенбі, сәрсенбі, бейсенбі және жексенбі күндері тұрақты рейстер орындайды.
Сондай-ақ, 18 желтоқсаннан бастап Беларусьтің Belavia әуе компаниясы Минск – Алматы бағытындағы ұшуларын қайта жандандырады. Рейстер дүйсенбі және бейсенбі күндері Минскіден, ал сейсенбі және жұма күндері Алматыдан жүзеге асады.
Алматы мен Ташкент арасында күнделікті пойыз қатынайды
14 желтоқсаннан бастап «Алматы – Ташкент» бағыты бойынша Talgo пойызы күнделікті жүреді. Жол жүру уақыты – 17 сағат 38 минут.
Билет бағасы:
отыратын орын – 10 167 теңгеден,
купе – 20 711 теңгеден,
люкс – 30 772 теңгеден.
VTB Bank Kazakhstan-ға қатысты санкциялар енгізіледі
2 желтоқсан 2025 жылдан бастап Еуропалық одақ ресейлік «Мир» төлем жүйесіне қызмет көрсететін VTB Bank Kazakhstan-ға санкция енгізеді. Бұл банкке ЕО елдерімен барлық қаржылық есеп айырысуға тыйым салынады.
Оқушылардың қысқы демалысы
1–11 сынып оқушылары 29 желтоқсан – 7 қаңтар аралығында демалады. 8 қаңтарда үшінші тоқсан басталады.
1-сынып оқушыларында қосымша демалыс бар: 9–15 ақпан.
Көктемгі каникул барлық оқушыға ортақ – 19–29 наурыз.
«Қайрат» – «Олимпиакос» матчы Астанада өтеді
9 желтоқсанда «Қайрат» УЕФА Чемпиондар лигасының жалпы кезеңі аясында гректің «Олимпиакос» командасымен ойнайды. Алайда қатты аязға байланысты кездесу Алматыда емес, «Астана Аренада» өтеді. Ойын Астана уақытымен 20:30-да басталады.
Елена Рыбакина Үндістандағы турнирге қатысады
17–20 желтоқсан аралығында Елена Рыбакина Үндістанның Бангалор қаласында өтетін World Tennis League көрме турнирінде өнер көрсетеді. Әйелдер арасында Паула Бадоса, Марта Костюк және Магда Линетт те қатысады.