Қазақстан мәслихаттардың құрылғанына 30 жыл толды
Осыған орай Жамбыл облысының мәслихат депутаты Ерұлан Мағзымбеков sert.inform подкастына сұхбат берді.
Депутат болудың салмағы қандай?
— Салмағынан гөрі жауапкершілігі ауыр шығар. Салмағы сол, сайлауға түсердің алдында бағдарлама бар, белгілі қоғамдық ұйым партияның бағдарламасы бар. Екінші бір мәселе, оның пәрмені қандай деген сауал. Мен соңғы 20 жыл уақытымды әлеуметтік салада, оның ішінде азаматтық секторда, яғни кәсіподақта жүрмін. Сол себепті, кәсіподаққа барғандағы менің ойларым мен мақсаттарымның ішінде осы депутаттық мандаттыққа ие болғанда әлеуметтік саланың мәселесін шешу. Яғни, салмағы сол қоғамдағы мәселелерді шешуге, солардың тігісін жатқызып дұрыс мәселені қоя біліп соны шешуге ықпал ете алсаң, салмағы осы,- деп жауап берді Ерұлан Мағзымбеков.
Рухы оянған қазақты тәрбиелеу үшін қанша уақыт керек?
— Біздің қоғам ішінара дайындалып келе жатыр. Субъективті пікірім, кемінде бір буын ауысу керек шығар. Президент көп жаңа бастамаларды айтып жатыр. Бірақ орындалуына келген кезде өзіміз кемшіліктер жіберіп жатырмыз.Мен өз балаларымның қызметке араласқан кезеңіндегі, айналадағы дүниелерге, әсіресе сыбайлас жемқорлық пен таныс-тамыр дегенге төзбейтіндей иммунитет барына қуанамын. Сана өзгеру керек, ол үшін біз тәрбие беруіміз керек, өзіміз өзгеруіміз керекпіз,- деді депутат.
Депутат ретінде шешімін таба алмай жүрген қандай мәселе бар?
— Үлкен бірнеше мәселе бар. Бұл мәселе тек менің денгейімде емес жалпы аудан, облыстың билігінде, республикадан сайланған халық қалаулыларының көкейінде жүрген сұрақ. Біріншісі, Жуалыдағы теміржолда орналасқан екі көпір. Астыңғы көпірді кеңейтіп, адам да, көлік те өте алатын көпір жасаймыз деген мәселенің көтеріліп жүргеніне бес жылдай болды. Екінші мәселе, айналма көпір. 2014 жылы Батыс Еуропа, Батыс Қытайдың біздің Жамбыл облысындағы жолы пайдалануға берілді. Сол кездегі облыс әкімі Қанат Алдаберген үлкен үлес қосқан. Өкінішке орай, Жуалыға айналма көпір салынбай қалған. Осы екі мәселе көкейімде шешілмей тұр,- деп жауап берді.