Қазақстан мен Грузия жасанды интеллектке басымдық берді
Қазақстан мен Грузия жасанды интеллектке басымдық берді Қазақстан Премьер-министрі Олжас Бектенов елімізге ресми сапармен келген Грузия Премьер-министрі Ираклий Кобахидземен келіссөздер өткізді. Кездесу барысында екіжақты сауда-экономикалық байланыстарды дамыту, инвестиция тарту, көлік-логистика, энергетика және цифрландыру салаларындағы ынтымақтастықты кеңейту мәселелері талқыланды.
Тараптар сондай-ақ Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев пен Грузия Премьер-министрі Ираклий Кобахидзе арасында қол жеткізілген келісімдерді іске асыру тетіктеріне ерекше назар аударды.
— Сіздің ресми сапарыңыз екі ел арасындағы саяси диалогтің, өзара сенім мен берік әріптестіктің жоғары деңгейін айғақтай отырып, Қазақстан-Грузия қатынастарының серпінді дамуын көрсетеді. Кеше Сіз Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевпен мазмұнды келіссөздер жүргіздіңіз. Қазақстан Грузияны Оңтүстік Кавказдағы, Қара теңіз аймағындағы сенімді дос әрі маңызды стратегиялық серіктес ретінде қарастырады. Қазақстан Үкіметі Грузия Үкіметімен диалог пен практикалық ынтымақтастықты одан әрі тереңдетуге дайын, — деп атап өтті Олжас Бектенов.
Өз кезегінде Грузия Үкіметінің басшысы Қазақстанның ел үшін маңызды әрі сенімді серіктес екенін айтып, екіжақты байланыстарды нығайтуға мүмкіндік мол екенін жеткізді.
— Елдерімізді тарихи тұрғыдан достық қарым-қатынастар байланыстырады. Бұл — саяси және экономикалық байланыстарды нығайтудың берік негізі. Қазақстан Грузия үшін өте маңызды серіктес және біздің қарым-қатынасымыз біз үшін ерекше маңызға ие. Екі ел арасында стратегиялық серіктестік орнатылғанына қуаныштымыз. Біз Қазақстандағы жаңғырту үдерістерін мұқият бақылап отырмыз және барлық бағыт бойынша екіжақты ынтымақтастықтың одан әрі кеңейе түсетініне сенімдіміз, — деді Ираклий Кобахидзе.
Келіссөз барысында экономиканың басым бағыттары бойынша бірлескен жобаларды жүзеге асыру мәселелері қаралды. Әсіресе технологиялық ынтымақтастыққа, оның ішінде жасанды интеллект саласындағы бастамаларға ерекше көңіл бөлінді.
Кездесу қорытындысында Қазақстан мен Грузия үкіметтері стратегиялық серіктестікті одан әрі нығайтып, өзара тиімді жобаларды барлық перспективалы бағыттар бойынша кеңейтуге дайын екенін растады.
Сауда көрсеткіштері де екі ел арасындағы ынтымақтастықтың қарқынды дамып келе жатқанын аңғартады. 2025 жылдың қорытындысы бойынша Қазақстан мен Грузия арасындағы тауар айналымы 184,5 миллион АҚШ долларын құрады. Ал биылғы қаңтар–сәуір айларының өзінде бұл көрсеткіш 53 миллион долларға жеткен.
Бүгінде Қазақстанда грузин капиталының қатысуымен 600-ден астам компания жұмыс істейді. Сонымен қатар 14 ұйым «Астана» халықаралық қаржы орталығында тіркелген.
Айта кетейік, бұған дейін Премьер-министр Олжас Бектенов Германияның федералды экономика және энергетика министрі Катерина Райхемен кездесіп, екі ел арасындағы экономикалық ынтымақтастық мәселелерін талқылаған болатын.