44 градус ыстық: Жамбылда жедел жәрдем шақырту 30%-ға артты

0 34

44 градус ыстық: Жамбылда жедел жәрдемге шақырту 30%-ға артты. Шіліңгір шілде биыл Тараз тұрғындарын бұрынғыдан да қатты әбігерге салды. Сынап бағанасы 44 градусқа дейін көтеріліп, көшелерді аптап ыстық жайлаған шақта күннің күйдірген лебі адам денсаулығына қауіп төндіруде. Табиғаттың тосын мінезі тек жайсыздық тудырып қана қоймай, медициналық көмекке жүгінушілердің де күрт көбеюіне себеп болып отыр.
Жамбыл облыстық жедел медициналық көмек станциясының мәліметінше, соңғы күндері жедел жәрдем шақыртуларының саны 20–30 пайызға артқан. Егер қалыпты күндері тәулігіне шамамен 1400–1500 шақырту тіркелсе, қазіргі таңда бұл көрсеткіш 1600–1800-ге дейін жеткен.
Мамандардың айтуынша, тұрғындардың басым бөлігі созылмалы аурулардың асқынуы, күн өту, ағзаның сусыздануы, қан қысымының көтерілуі, әлсіздік пен бас айналу белгілеріне байланысты жедел медициналық көмекке жүгінуде. Әсіресе күннің ең ыстық уақытында сыртта ұзақ жүру адамның денсаулығына айтарлықтай зиян келтіруі мүмкін.
Аптап ыстықтың ең ауыр салдары қарт адамдарға, жас балаларға, жүкті әйелдерге және жүрек-қан тамырлары мен тыныс алу жүйесінің созылмалы ауруларымен ауыратын азаматтарға тиеді. Дәрігерлер бұл санаттағы тұрғындарға күннің қызуы қатты болатын сағат 11:00 мен 17:00 аралығында сыртқа шықпауға, мүмкіндігінше салқын жерде болуға және ағзаны жеткілікті мөлшерде сумен қамтамасыз етуге кеңес береді.
Медицина қызметкерлері күн өткен жағдайда байқалатын алғашқы белгілерге де ерекше назар аударуға шақырады. Егер адамның басы айналып, жүрегі айнып, әлсіздік басып, дене қызуы көтерілсе немесе есінен танып қалу қаупі байқалса, дереу көлеңке немесе салқын жерге апарып, су беріп, жедел медициналық көмек шақыру қажет.
Мамандардың пікірінше, ауа температурасының шектен тыс көтерілуі – адам ағзасы үшін үлкен сынақ. Сондықтан мұндай күндері денсаулыққа немқұрайлы қарамай, қауіпсіздік шараларын сақтау аса маңызды. Себебі аптап ыстықтың салдарын емдегеннен гөрі, оның алдын алған әлдеқайда тиімді.
Дәрігерлер тұрғындарды өз денсаулығына жауапкершілікпен қарап, жақындарының жағдайына да бейжай қарамауға шақырады. Өйткені шіліңгір шілденің аптап ыстығы – табиғаттың уақытша құбылысы болғанымен, оның адам өміріне тигізер әсері кейде орны толмас салдарға ұласуы мүмкін.

Leave A Reply

Your email address will not be published.