Пәтер ме, әлде көлік пе?

Пәтер ме, әлде көлік пе?

0 3

ҚМДБ мәһрге қатысты түсінік берді Үйлену тойындағы ең көп талқыланатын тақырыптардың бірі – мәһр. Бірі оны қымбат көлікпен өлшесе, енді бірі пәтер сұрайды. Ал шариғат бұл мәселеге қалай қарайды?
Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы ресми сайтында мәһрдің мөлшеріне қатысты түсініктеме жариялады.
ҚМДБ мәліметінше, мәһр – ер адамның неке қиылу барысында қалыңдыққа өз ризашылығымен беретін шариғи сыйы.
«Мәһр – ер адамның неке қиылу барысында қалыңдыққа өз ризашылығымен беретін шариғи сыйы. Ханафи мәзһабында мәһрдің ең төменгі шегі 10 дирхам. Сахабалар өмір сүрген заманда 10 дирхам бір алтын динарға тең болған. Бұл қазіргі өлшеммен 4,25 грамм алтын немесе соған тең келетін ақшалай қаражатқа (нарықтағы құнына) сәйкес келеді. Мәһрдің мөлшерін ер азаматтың материалдық мүмкіндігіне қарап, отбасының әлеуметтік жағдайын ескере отырып айтқан жөн. Өйткені мәһр күйеу жігітті қарызға батыратындай көп немесе қыздың көңілін қалдыратындай аз болмауы керек», – делінген хабарламада.
Осылайша, ҚМДБ мәһрдің мөлшері екі тараптың жағдайына сай белгіленуі керектігін атап өтті. Діни басқарма түсіндіруінше, оның басты мақсаты – отбасын құруға ниеттенген жастарға артық ауыртпалық түсірмеу және екі жақтың да разылығын сақтау.

Leave A Reply

Your email address will not be published.