Жуалыны көктемгі тасқын баса ма?
Жамбыл облысы Жуалы ауданында биыл қар қалың түсті. Қар жамылғысының қалыңдығы 80–90 сантиметрге дейін жетуі көктемгі кезеңде беткейлік ағын судың көбеюіне себеп болуы мүмкін. Осыған байланысты e-Өтініш жүйесі арқылы жолданған сауалға Жуалы ауданы әкімінің орынбасары ресми жауап берді. Жауапта су тасқыны қаупі бар аймақтар мен қабылданған алдын алу шаралары нақты көрсетілген.
Ресми мәліметке сүйенсек, ауданның бірнеше елді мекенінде су басу қаупі бар. Қоңыртөбе, Бәйтерек, Қайрат және Шыңбұлақ ауылдарының бірқатар көшелерінде тұрғын үйлердің аулаларына беткейлік ағын су жиналуы ықтимал. Сонымен қатар «Ақсай» өзенінен сел жүру қаупі бар Қосбөлтек пен Көлбастау ауылдары да бақылауға алынған. Бұл елді мекендерде жалпы саны жүздеген тұрғын үй мен мыңдаған адам, сондай-ақ мектеп, балабақша, медициналық пункт секілді әлеуметтік нысандар орналасқан. Яғни мәселе тек жеке үйлердің емес, тұтас инфрақұрылымның қауіпсіздігіне қатысты болып отыр.
Аудан әкімдігі 2026 жылғы көктемгі су тасқынының алдын алу мақсатында арнайы жоспар бекіткен. Құжатқа сәйкес, елді мекендердегі өзен-көлдер, каналдар, су өткізу құрылғылары мен көпірлер күнделікті бақылауға алынған. Аудан орталығы Б.Момышұлы ауылынан 4400 текше метр қар шығарылған. Шыңбұлақ ауылы маңындағы «Тарақұл» каналы тереңдетіліп, кеңейтіліп, су реттегіш шлюз орнатылған. Ал Қырғызстан аумағынан келетін беткейлік ағын судың алдын алу үшін Бәйтерек ауылында ұзындығы 3 шақырым қорғаныс каналы қазылған. Сонымен қатар арық-атыздар мен су өткізу арналары тазартылып, қорғаныс бөгеттерін нығайту жұмыстары жүргізілуде.
Материалдық-техникалық дайындық та назардан тыс қалмаған. Қазіргі таңда 30 тонна инертті материал, 2800 қап, жанар-жағармай қоры, су сору құрылғылары мен электр генераторлары әзірленген. Ықтимал эвакуация жағдайында 1800 адамды қабылдай алатын 6 пункт белгіленген. Су тасқыны салдарын жоюға 50 адам мен 18 техника дайын.
Сондай-ақ тұрғындарға түсіндіру жұмыстары жүргізіліп, бұқаралық ақпарат құралдары мен әлеуметтік желілер арқылы ақпарат тарату қолға алынған. Дегенмен көктемгі тасқын – алдын ала болжап болмайтын табиғи құбылыс. Қар көлемінің нормадан тыс болуы жағдайды күрделендіруі мүмкін.
Жауапта көрсетілгендей, аудан билігі дайындық шараларын қолға алғанын мәлімдеді. Алайда нақты ахуал көктемгі кезеңде белгілі болмақ. Ең бастысы – қауіпті аймақтар анықталған, жоспар бар және жауапты қызметтер күшейтілген режимде жұмыс істеуге әзір.