Айлық аз шығын көп

0 90

Айлық өсті, бірақ базардан бәрібір бір пакетпен қайтамыз

 

Қазақстандықтар 2024 жылы табыс жағынан біраз алға жылжыды, бірақ әмиянның қалыңдауы байқалмай тұр. Статистикаға сүйенсек, халық тапқан табысының тең жартысын азық-түлікке жұмсаған.

Тапқан табыстың 22,4%-ы азық-түлікке жатпайтын тауарларға кеткен. Бірақ ең қызығы: халық тапқан табысының 6,6%-ын кредит пен қарыз жабуға жұмсаған. Демек, «айлық келді – қарыз қайтты» деген сценарий әлі сахнадан түскен жоқ.

Ал енді сандар сөйлесін:

2024 жылы қазақстандықтардың жан басына шаққандағы орташа табысы 1 328 907 теңге болды. Бұл 2023 жылмен салыстырғанда 14,3%-ға артық. Бірақ қуануға асықпаңыз — шығын да өсіп үлгерді! Былтыр жан басына шаққандағы шығын орта есеппен 1 172 998 теңге болды, яғни 6,6%-ға жоғарылаған.

Тұтынуға пайдаланылған табыс көрсеткіші де қызық: 2024 жылы әр қазақ орта есеппен 1 189 963 теңгені тек тұтыну мақсаттарына жұмсаған. Бұл көрсеткіш былтырғыдан 6,3%-ға көп.

Өңірлерге үңілсек:

  • Астана қаласы бірінші орында — халықтың тұтынуға бағытталған табысы республикалық орташа деңгейден айтарлықтай жоғары. «Ел ордасында бәрі элиталы» деген сөз шындыққа айналған сияқты.
  • Түркістан облысы мен Шымкент қаласы, керісінше, тізімнің соңында жүр. Бұл өңірлерде тұтынуға пайдаланылған табыс республикалық орташа деңгейден 0,7%-ға төмен.

Жамбыл облысының жағдайы қандай? Жамбыл облысында да табыс өсімі байқалғанымен, ел бойынша орташа деңгейден сәл төмен көрсеткіш тіркелді. Жамбылдықтардың жан басына шаққандағы шығыны республикалық орташа деңгейден 1,1%-ға төмен болып шықты. Аймақтағы тұрғындар азық-түлік пен негізгі тауарларға жұмсаған шығын көлемі басқа өңірлермен салыстырғанда анағұрлым ұтымды көрінеді. «Аз шығын – көп пайда» дегендей, жамбылдықтар әлі де үнемшілдіктен жаңылған жоқ.

Бонус жаңалық: Сауда министрлігі соңғы айда жұмыртқа, ұн, күріш және қарақұмық бағасының арзандағанын хабарлады. Дегенмен, қазақстандықтардың «арзан» деген сөзге сенбей, дүкенде бәрін жеке тексеріп жүргені жасырын емес.

 

Leave A Reply

Your email address will not be published.