Ислам даму банкінің қолдауымен Қазақстанда төрт жаңа су қоймасы салынады

0 11
Бұл туралы Су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітов Су саласын дамыту бойынша серіктестердің Үйлестіру кеңесінің отырысында мәлімдеді

Қазақстанда Ислам даму банкінің қолдауымен төрт жаңа су қоймасы салынады, — деп хабарлайды Jambylinfo.kz

Ол Ислам даму банкінің Қазақстандағы өкілі міндетін атқарушы Али Хан және БҰҰ Даму бағдарламасының Қазақстандағы тұрақты өкілі Катаржина Вавьернямен кездесті. Кездесу барысында тараптар «Климатқа төзімді су ресурстарын дамыту» жобасын жүзеге асыру мәселелерін талқылады.

Жоба аясында Астана су қоймасын толықтыру, төрт жаңа су қоймасын салу, бұрыннан бар төрт су қоймасын реконструкциялау, сондай-ақ 115 арнаны күрделі жөндеу және қайта жаңарту көзделіп отыр. Бұл жұмыстар Ақмола, Алматы, Жамбыл, Қызылорда, Түркістан, Батыс Қазақстан, Жетісу облыстарында және Астана қаласында жүзеге асырылады.

Сонымен қатар, Ислам даму банкінің гранты аясында Қазақ су шаруашылығы ғылыми-зерттеу институтына елдегі су және өзен бассейндерін зерттеу, Су ресурстарының ақпараттық-талдау орталығы үшін ерте ескерту жүйелерін енгізу және «Қазсушар» кәсіпорнын техникалық жабдықтау бағыттары бойынша қолдау көрсетіледі.

Қазіргі таңда барлық қажетті құжаттар дайындалып, оларды мемлекеттік органдармен келісу жұмыстары жүріп жатыр. Министр Нұржан Нұржігітов аталған кеңес аясында ауқымды жұмыс атқарылғанын атап өтіп, Ислам даму банкінің инвестициясы елдің су инфрақұрылымын жаңғыртуға үлкен үлес қосатынын жеткізді. Сонымен қатар ол су саласындағы жобаларға жаңа серіктестер тарту үшін БҰҰ Даму бағдарламасымен ынтымақтастықты жалғастыруға ниетті екенін айтты.

Leave A Reply

Your email address will not be published.