Отбасының цифрлық картасы арқылы әлеуметтік төлемдерді қалай алуға болады?

0 41

Қазақстанда әлеуметтік қолдауға мұқтаж азаматтарға көмектесудің жаңа, ыңғайлы жүйесі – Отбасының цифрлық картасы (ОЦК) сәтті жұмыс істеуде. Бұл құрал жәрдемақылар мен әлеуметтік төлемдерді ешқандай өтініш жазбай-ақ ресімдеуге мүмкіндік береді — деп хабарлайды sert-inform.kz

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің мәліметінше, 2025 жылдың басынан бері ОЦК арқылы 188,5 мың адамға проактивті қызмет көрсетіліп, олардың 97,9 мыңы ешқандай құжат жинамай-ақ тиісті жәрдемақылар мен төлемдерді ала алған.

Цифрлық карта мемлекеттік органдардың ақпараттық жүйелеріндегі деректер негізінде автоматты түрде қалыптасады. Қазіргі уақытта жүйеде 20 миллионнан астам қазақстандық, яғни 6,2 миллионнан аса отбасы туралы ақпарат бар.


ОЦК арқылы қандай әлеуметтік төлемдер беріледі?

Отбасының цифрлық картасы арқылы өтінішсіз рәсімдеуге болатын 10 әлеуметтік қолдау түрі бар:

  1. Еңбек ету қабілетінен айырылған жағдайда төленетін әлеуметтік төлем;

  2. Жұмысынан айырылған кезде берілетін төлем;

  3. Асыраушысынан айырылған жағдайда жәрдемақы немесе төлем;

  4. Мүгедектігі бар баланы тәрбиелеп отырған ата-анаға немесе қамқоршыға жәрдемақы;

  5. Мүгедектік бойынша жәрдемақы;

  6. Көпбалалы отбасыларға арналған жәрдемақы;

  7. «Алтын алқа» және «Күміс алқа» иелеріне берілетін жәрдемақы;

  8. Атаулы әлеуметтік көмек (АӘК);

  9. Жерлеуге арналған біржолғы төлем;

  10. Зейнетақы төлемдері (тағайындалған жағдайда).


Қалай іске асады?

Мемлекеттік қолдауға құқығыңыз анықталған кезде, 1414 бірыңғай байланыс орталығынан SMS-хабарлама түседі. Сіз тек SMS-ке келісім жіберсеңіз жеткілікті — ары қарайғы барлық рәсім автоматты түрде жүзеге асады. Қаражат тікелей сіздің банк шотыңызға түседі.

Сонымен қатар, ОЦК арқылы:

  • «Қандас» мәртебесі берілген немесе ұзартылған азаматтарға мәртебенің аяқталу мерзімі туралы;

  • Жұмыссыздарға арналған жұмыспен қамту шаралары бойынша;

  • Зейнетақы жүйесіне қатысты мәліметтер туралы
    автоматты хабарламалар жолданады.

Маңызды ескерту! Алаяқтық жағдайларын болдырмау үшін, 1414-тен келген SMS-ке жеке деректерді жолдаудың қажеті жоқ. Жүйе сіздің келісіміңізді ғана талап етеді.


Отбасының цифрлық картасы – бұл әділеттілік пен қолжетімділікті қамтамасыз ететін жаңа әлеуметтік саясат құралы. Ол мемлекеттің әрбір азаматқа дер кезінде көмек көрсетуге ұмтылысын нақты дәлелдейді.

Leave A Reply

Your email address will not be published.