Жамбыл облысында 76 канал жаңартылып, 3 жаңа су қоймасы салынады
Су ресурстары және ирригация министрлігі 2024 жылы Жамбыл облысында ауқымды су инфрақұрылымын жаңарту жұмыстарын бастайды. Жоспарға сәйкес, жалпы ұзындығы 428 шақырымды құрайтын 76 суару каналы реконструкциядан өтеді.
Сонымен қатар, өңірде Қалғұты, Ақмола және Ырғайты су қоймаларының құрылысы қолға алынады. Бұдан бөлек, Теріс-Ащыбұлақ және Қарақоныз су қоймаларын жаңғырту жоспарланған.
Аймақтағы суару жүйесін жетілдіру жобалары:
- Қордай, Жамбыл, Байзақ, Меркі және Жуалы аудандарында 53,9 мың гектар жерге су беру сапасын жақсарту үшін 34 жоба іске асырылуда. Оның ішінде 12 жоба сәтті аяқталды.
- 2023 жылы ұзындығы 137,5 шақырымды құрайтын 37 канал қайта жөнделді.
- 46 тік дренажды ұңғыма бұрғыланып, олардың 12-сі қалпына келтірілді.
Су ресурстары және ирригация вице-министрі Ерболат Ибрайхановтың айтуынша, алдағы екі жыл ішінде облыста қосымша 19 жобаны жүзеге асыру жоспарланған. Жалпы ұзындығы 330 шақырым болатын 105 канал жаңартылмақ. Бұл шаралар суару кезінде судың шығынын азайтып, өңірдегі егіс алқаптарын тұрақты су көздерімен қамтамасыз етуді жақсартады.
Ақпарат gov.kz сайтынан алынды