Ет өнімдерінің экспортына тыйым салуды тоқтату қажет – Темір Қырықбаев

0 8
Қазақстанда ірі қара мал еті экспортына қойылған тыйым ауыл шаруашылығы саласында үлкен алаңдаушылық тудыруда.

Мәжіліс депутаты Темір Базарбайұлы Қырықбаев осы мәселеге байланысты Қазақстан Республикасы Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігінің төрағасы Марат Омаровқа және Ауыл шаруашылығы министрі Айдарбек Сапаровқа депутаттық сауал жолдады

Депутаттың айтуынша, шектеу енгізілгеннен кейін оның атына фермерлерден, қайта өңдеушілерден және салалық бірлестіктерден көптеген шағым келіп түскен. Әсіресе Түркістан облысында экспортқа рұқсат тек бір компанияға ғана берілгені бизнес өкілдерінің наразылығын күшейткен.

Қазір бұл компания тәулігіне небәрі 150–200 бас бұқа экспорттап отыр. Ал тыйымға дейін өңірден Өзбекстанға күн сайын 1000 бас ірі қара жөнелтілетін.

“ Үкіметтің Түркістан облысынан ет экспорттауға рұқсат беру шешімі бұл компанияға негізсіз артықшылық бергендей әсер қалдырады. Мұндай жағдай лоббизм мен олигополия белгілерін еске салады. Бұл қаншалықты заңды? Неліктен дәл осы компанияға экспортқа рұқсат берілді және таңдау қандай критерийлер бойынша жасалды?

Тыйымның салдарынан басқа фермерлердің табысы төмендеп, сатып алу бағасы күрт құлдырап, инвестициялық тартымдылық төмендеп, нарық механизмдері бұзылып, хаос пен белгісіздікті тудырып отыр.

Мемлекет басшысы еліміздің экономикасын экспортоориентті бағытта дамыту стратегиялық мақсатымыздың бірі екенін бірнеше рет атап өткен болатын”, — деп депутат мәселе көтерді.

Ауыл шаруашылығы министрлігі 2025 жылдың соңына дейін ірі қара етін экспорттауға 13 000 тонна көлемінде квота енгізуді көздейтін бұйрық жобасын әзірлеген. Ал Қырықбаев бұл бастаманы экономикалық тұрғыдан негізсіз деп санайды.

“Экспортқа тыйым салу – экономикалық тұрғыдан негізсіз деп санаймын, өйткені, бұл шешім болашақта еліміздің сыртқы нарықтарға қол жеткізуін шектейді және алдағы уақытта ірі қара мал бағасының үш есеге өсіп кетуіне ықпалын тигізеді.

Бұл жағдайда Үкімет халық үшін еттің бөлшек бағасын төмендетеміз деп жариялаған мақсатына жете алмады. Өйткені нарықтың заңдылықтарын күшпен өзгерту мүмкін емес. Егер ет өндіру тиімсіз болса, онда баға, керісінше, барлық тұтынушы үшін қымбаттай түседі.

Ет өнімдерін экспорттау – ауыл аймақтарының экономикасын қалыптастырады, халықтың тұрмысын, мәдениетін жақсартады, экспорттық әлеуетті қамтамасыз етеді.

Халықаралық мойындалған мысал ретінде айтатын болсақ, Аргентина бірнеше рет сиыр етін экспорттауға тыйым салған. Нәтижесінде, мал саны миллиондаған басқа қысқарып, мыңдаған фермерлік шаруашылықтар банкротқа ұшыраған, экспорт екі есеге дейін төмендеген, нарықтарды бәсекелестер жаулап алып, саланы қалпына келтіру он жылдан астам уақытқа созылған”, — деді депутат.

Қырықбаевтың айтуынша, ет экспортын шектеу емес, қайта өңдеу үлесін арттырып, қосымша өнімдерді тиімді пайдалану қажет. АҚШ, Канада, Австралия секілді дамыған елдерде еттің өз бағасы өндіріс құнының 45–50% ғана, ал қалған бөлігін қосымша өнім экспорты құрайды.

“Ет өндіру – еліміздің дәстүрлі саласы.

Ет өнімдері экспортын дамыту үшін қайта өңделген өнім үлесін арттыру қажет, яғни сыртқы экономикалық шектеулер қоймай, керісінше, қосымша өнімдерді қайта өңдеуді дамыту және жаңа нарықтарды ашу бағытында жұмыс жасау қажет.

Шектеуді алып тастау арқылы еліміз мал басын сақтап қалуға, фермерлердің банкротқа ұшырауын болдырмауға, дәстүрлі саланы сақтауға және экспорттық әлеуетті ұзақ мерзімді дамытуға мүмкіндікті жіберіп алмауы тиіс.

Жоғарыда айтылғандарға сәйкес, Қазақстан Республикасынан ет өнімдерін экспорттауға қойылған тыйымды толық және шартсыз жоюды сұраймын.

Бұдан әрі сыртқы сауда мәселелері жөніндегі ведомствоаралық комиссияның отырыстарына және Халықаралық экономикалық ұйымдарға қатысу үшін әр облыстан бір фермерді енгізуді ұсынамын. Бұл ауыл шаруашылығы қызметкерлерінің нақты сұраныстарын ескере отырып, анағұрлым үйлесімді шешімдер қабылдауға мүмкіндік береді”, — деді депутат.

Leave A Reply

Your email address will not be published.