Түркі мемлекеттері ұйымының келесі қадамы қандай болады?

0 42

15 мамырда Түркістанда өткен Түркі мемлекеттері ұйымының бейресми саммитінде Президент Қасым-Жомарт Тоқаев қазіргі күрделі геосаяси жағдайда түркі елдерінің ынтымағы ерекше маңызға ие екенін айтты.
Мемлекет басшысы әлемдегі тұрақсыздық пен Таяу Шығыстағы шиеленістің жаһандық экономикаға әсер етіп отырғанын атап өтті. Оның сөзінше, мұндай кезеңде тарихи және мәдени тамыры ортақ түркі елдері өзара байланысын күшейтіп, экономика, инвестиция және технология салаларында бірлескен қадамдар жасауы қажет.
Биылғы саммиттің негізгі тақырыбы жасанды интеллект пен цифрлық даму мәселелеріне арналды. Кездесуге Қазақстаннан бөлек Түркия президенті Режеп Тайип Ердоған, Әзербайжан басшысы Илхам Әлиев, Өзбекстан президенті Шавкат Мирзияев және Қырғызстан президенті Садыр Жапаров қатысты.
Соңғы жылдары ұйым аясында бірнеше маңызды бастама көтерілгенімен, олардың кейбірі әлі жүзеге аспады. Мәселен, былтыр Әзербайжанның Габала қаласында өткен саммитте Илхам Әлиев түркі елдерінің бірлескен әскери жаттығуын өткізуді ұсынған. Ал 2024 жылы Бішкектегі жиында Түркия президенті Режеп Тайип Ердоған ортақ түркі әліпбиін бекіту бастамасын көтерді. Алайда бұл ұсыныстар әзірге нақты іске асқан жоқ.
Қазіргі таңда Түркі мемлекеттері ұйымына Қазақстан, Түркия, Әзербайжан, Қырғызстан және Өзбекстан мүше. Түркіменстан, Венгрия және Солтүстік Кипр бақылаушы мәртебесіне ие.
Ұйым алғаш рет 2009 жылы Түркітілдес мемлекеттердің ынтымақтастық кеңесі ретінде құрылған. Алғашқы саммит 2011 жылы Алматыда өтті. Сол кезеңде қатысушы елдер экономика, туризм, көлік, білім және мәдениет салаларындағы байланысты күшейтуге басымдық берген. 2021 жылы ұйым атауы ресми түрде “Түркі мемлекеттері ұйымы” болып өзгертілді.

Leave A Reply

Your email address will not be published.